Қылышбек Құрмантегі. Асылдың сыңығы
Вставка
- Опубліковано 26 лис 2024
- Жарықтық, жапондар тілін сақтап қалу үшін үздіксіз күріш егеді екен. Өйткені, елдің бар болмысы мен жаны, тілі мен үні сол бір өнерде жатыр. Онда көне атаулар мен әрбір сөздің шығу тегі һәм төркіні бар. «Ұлттық өнерді, оның ішінде мына қолөнерді көп насихаттау керек» деген үндеуде сол дүние жатыр емес пе? Қолданылатын әрбір өнім мен құрал-сайманның, ұлттық аспаптар мен ағаштан жасалған ыдыс-аяқтардың әр жағында қаншама тарих, қаншама сөз бар. «Сөз төркіні» жобасының басты мақсаты да - осы. Мұны жүзеге асыру барысында елімізге белгілі ұста, қолөнер шебері Қылышбек Құрмантегімен сұқбаттасып біраз дүниені біліп қайттық.
Қылышбек Құрмантегі кім? Ұстамен болған сұқбатты жарияламас бұрын ол кісі туралы шағын ақпар беріп, таныстырып кетейік.
Шебер 1965 жылы 6 шілдеде Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында дүниеге келген. 1998 жылы сол ауданда еңбек жолын етікші болып бастайды. «Тартпай қоймас негізге» дейді ғой бабаларымыз. Қылышбек Құрмантегі 1827-1893 жылдары өмір сүрген, заманында Арқа атырабына аты жайылған ұста Құлмағанбет Байбақыұлының ұрпағы. Құлмағанбет ұстаны 1883 жылы Омбы қаласында өткен көрмеде оны Буланже деген француз фотографы шырт еткізіп, суретке басып алған екен. Кейіпкеріміз соның көшірмесін жасап алып, қабырғаға іліп қойыпты. Атасы мен әкесі де Баянауыл ауданына белгілі қолөнершілер болған.
Осыдан 31 жыл бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 135 жылдығына орай Павлодар облысы бойынша шеберлер арасында өткен байқауда бас жүлде алып, бір жарым айдан соң қазақ құрылтайына қатысады.
Қылышбек ағамыз иеленген марапаттар өте көп. Соның ішінде, оның «Экспо - 2017» көрмесінде күміс медаль, 2017, 2018 жылдары Орта Азия елдері қолөнершілері арасында өткен сайыста 2 алтын медаль, 2018 жылы Монғолияда тағы бір алтын медаль алғаны туралы дипломдары мен облыстық «Ортеке» этнофестивалінде «Шебер Ортеке» аталымының дипломанты, өткен жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов берген Құрмет грамотасын атап өткеніміз жөн. 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлық бойынша «Құрмет» орденімен наградталған. Әрине шебер кез келген марапатқа лайық қой. Осы жайлы Қылышбек ағамыз бір сұқбатында:
- Елордада өткен «Экспо - 2017» көрмесінде күміс медаль алдым. Ол жерде ұлттық өнерді ұлықтадым. Негізінде көрмеге көне жәдігерлерді дайындап, ел назарына қойдым. Сол уақытта ұлттық қолөнер орталықтарын ашу туралы айтылды. Маған министрлік тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Туған жерім де жібергісі келмеді. Оңтүстіктен де шақырту алдым. Дегенмен жаныма жақын Қарағандыны таңдадым. Осында келіп шәкірттер тәрбиелеп жатырмын, - депті.
Арқа өңірін таңдаған шеберіміз 2022 жылы «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығын ашқан. Биыл ағамыздың өнерін жете бағалаған Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы басшылығының бастамасымен «Атамұра» ұлттық қолөнер шеберханасына жеке кабинет беріліп, қолдау білдіріп отыр. Ұлттық өнердің аса қажеттілігін түсінген академия басшылығының бұл қадамы көпке үлгі. Қылышбек ағамыз орталықта жүріп-ақ, небір шәкірт тәрбиелеуде. Олар тек Қарағанды қаласынан ғана емес, Абай, Саран шаһарларынан да келіп астабақ, ат әбзелдері, ожау, домбыра, сандық, кебеже жасауды үйреніп жүр.
Тағы бір сұқбатында: «Бір жылы Қытайға бардым. Бір қаласынан қазақтар салған үш қабатты, киіз үй пішінінде салынған ғимаратқа бас сұқтық. Ішінде ұлттық өнердің жеті атасы бар. Ұстахана, ұлттық киім тігетіндер бөлмесі, қолөнершілер бұрышы. Біреулер темір қыздырып, төске салып ұрып жатса, бірі қайыс тіліп жатыр, енді бірі ою ойып әлек. Қызығып кеттім. Шіркін-ай, бізде де осылай ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар салынса ғой, - депті шебер.
Бұл мақсаттың орындалатынына сенеміз. Қолөнер - қазақтың жаны, болмысы, тарихы. Олай болса осы өнерді өлтірмей насихаттап жүрген шеберлердің бірі Қылышбек Құрмантегінің жұмысы жайлы алдағы уақытта танысатын боласыздар.