Қайрат Нұртас, Тұрсынбек, Әлқожа - Түрмеге түскен жұлдыздар сабақ алды ма?

Поділитися
Вставка
  • Опубліковано 13 жов 2024
  • Шілде айы басталғалы елімізге танымал мәдениет саласының өкілдері мәдениетсіздік танытып, қамауға алынғаны қоғамды елең еткізгені рас. Әдетте тойда жүретін әншілердің темір тордың ар жағынан табылуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр.
    «Тұрсынбек, Тұрсынбек, жүректер дүрсілдеп» деп сахнаға шығатын Тұрсынбек Қабатов тұрақты көрермендерінің жүрегін қатты дүрсілдетіп қойды. Танымал әзілкеш мас күйінде «Алматы - Астана» рейсінде балағат сөз айтыпты. Сотта Қабатов бортсеріктердің жұмысына көңілі толмағанын, сол себепті ашуға булыққанын жасырмады. Бірақ ол ұшақта балағат сөз айтқан-айтпағанын нақты білмейді, дей тұрғанмен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған. Ал, сотта куәгерлер Қабатовтың рейсте мас болғанын және балағат сөз айтқанын растады. Осылайша Тұрсынбек бес күнге қамауға алынған болатын.
    Жазасын өтеп шыққаннан кейін Тұрсынбек Қабатов бірден Астана төрінде үлкен концерт берді. Темір тордың ар жағына тоғытылғанын әзілге қосып, «5 күн бойы ешқайда шықпай, осы концертке әдейі дайындалдым» деп жиналғандарды күлкіге қарқ қылды. Концертте әнші Қайрат Нұртастың қамауға алынғанын да атап өтті.
    Тұрсынбек концерт өткізіп үлгерсе, Қайрат Нұртас осы күндері бостандыққа енді шығып жатыр. 4 шілдеде Алматы-Астана бағытындағы ұшақ бортында Қайрат Нұртас пен Асылбек Бекқайыров арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан.
    Бұл оқиғаға қатысты 5 шілдеде онлайн форматта сот отырысы өтті. Танымал әнші Әкімшілік кодекстің «қасақана жеңіл дене жарақатын келтіргені үшін» және «ұшақ бортында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін» екі бап бойынша айыпталды. Бірінші бап бойынша екі тарап бітімге келсе, екінші айып бойынша Қайрат Нұртас сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды. Әншінің айыппұл салумен шектелу туралы өтініші қанағаттандырылмады. Себебі, бір жыл ішінде Қайрат Нұртастың бұзақылық әрекеті қайтадан қайталанып отыр. Осылайша, «Мен оралам» деп ән салатын Қайрат Нұртас 15 күннен кейін жақындарына оралды. Әншінің қатысуымен 7 шілдеде Астанада өтуі тиіс болған музыкалық кеш басқа күнге ауыстырылды. Ұшақ бортында Қайрат Нұртаспен төбелескен Асылбек Бекқайыров та 10 тәулікке қамауға алынды. Негізі Асылбек Бекқайыров пен Қайрат Нұртас - бұрыннан дос. Жанжал әншінің шақырған тойға бармауынан басталған екен.
    Бұдан кейін тағы бір эстрада жұлдызы, «Сен оригиналсың» деген әнімен жұртқа танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа да тәртіп сақшысының заңды талаптарына бағынбағаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Алматы облыстық Полиция департаменті мәлім еткендей, 6 шілдеде тәртіп сақшылары Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізуші көлік айдау құқығынан айырылғаны анықталды. Осы кезде екінші көлікпен келіп жеткен Әбдіжаппар Әлқожа полиция қызметкерлеріне қысым көрсетіп, құқық бұзушыны ұстауға кедергі жасаған. Әнші «орташа» дәрежеде мас болғаны анықталды.
    Әрине, аз уақыттың ішінде 3 бірдей танымал өнер иесінің қамауға алынғаны жұрт назарын аударғаны рас. Әлеуметтік желі қолданушылары «Темір тордың ар жағында бір дөкейдің туған күні болып жатыр ма?» деп әзілдеді. Енді бірі бұл оқиғалардың саяси астары бар екенін айтып, «жұрт назарын аудартуға арнайы жасалған қадам» деп бағалап жатқандар да кездесті.
    Бұл оқиғаларға қатысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырды.
    «Өзін нағыз «мәдениет қайраткерімін» дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес», деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.
    Бұл оқиғаларға қатысты белгілі кәсіпкер, психолог Ахметбек Нұрсила «қазіргі тоқырау заманында дүниеқоңыз сайқымазақ, білімсіз адамдар төрге шықты. Ең қорқыныштысы, халық солардың сорақы қылықтарын қорғап жатыр» деген пікір білдірді.
    Халықтың сүйіктісіне айналған әнші Мейрамбек Бесбаев Қайрат Нұртасқа қолдау білдіріп, «маңайында жүргендерді сұрыптап қарашы» деп кеңес берді.
    Ал Майра Мұхамедқызы болса «мәселенің тамыры әншілер фонограммамен ән айтып, оңай табысқа жетіп жұлдыз болуында жатыр» деп санайды. Әншінің пікірінше, егер маңдай термен өнер көрсетсе, әрбір табысына шүкірлік етіп абыройын биік санар еді.
    Telegram Qaz - t.me/QazAqparat_kz
    Telegram Rus - t.me/kazinform_news
    Instagram - / @kazinform_kz
    Instagram - / @kazinform
    Facebook - / @Kazinform
    Facebook - / @Казинформ
    Jibek Joly online: jjtv.kz/kk/live
    Cайт - kaz.inform.kz/
    #kazinform #қазақпарат #Жаңалықтар

КОМЕНТАРІ • 2