Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында орналасқан Тасөткел ауылы - төртқаралардың мекені. Совет заманы орнағанға дейін жергілікті жұрттың қыстауы - Кішіқұм болса, жаз жайлауы - Шот-Жосаның бойы, яғни Тасөткел болған. Тасөткелді отырықшылыққа бейімдегенде 13-ші ауыл деп атаған. Ол жерде 1962 жылы кеңестік шаруашылық құрылғанға дейін 12 колхоз (ауыл) болған, олар әр аталық өз руымен қоныстанған. Кейін барлығын біріктіріп, "Тасөткел" деп аталатын бір ғана елді-мекен қалыптасқан. Тасөткелде "Мешіт" деп аталатын қорым бар. Ол неге мешіт деп айтылатынын көпшілік жұрт, ауылдастарым біле бермейді. Себебі, мешіт деп аталатын қорымның жанында бұрыңғы уақытта мешіт болған. Ол мешіт - "қаракісілердің мешіті" болып аталған. Мешітті алғашқылардың бірі болып Алашбай ишан ұстаған. Бірақ, қазір осы Алашбай ишан туралы мардымды мәліметтер қолымызға түспей жатыр. Шежірелік кітаптарды ақтарғанда бұл мешітті басқа адамдардың меншігі етіп көрсетілген. Бұл дұрыс емес. Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін деректер келтіреміз. Кеуілқош Бейсенбековтің "Әлімнің бір баласы - Қарамашақ (Төртқара)" атты кітабында: Қасымның бес баласының кенжесі Кенжеғарадан алты бала өрбіген. Соның бірі Тәйірберлі. Оның сегіз баласы болған. Сол сегіз баланың Тілеулі атты атамыздан Ырғызбай ұрпақтары өрбіген. Ырғызбайдың өзі кезінде Алла жолына құлшылық етіп, халықтың діни сауатын ашқан, имандылық пен адамгершілікті уағыздаған, мешіт ұстаған және өзінің көріпкел әулиелігімен жұртты таңдандырған. Оның Нұрпейіс, Баймағамбет, Әйтім, Аймағамбет атты балалары да әке жолын қуған. Олар да ишан болған. Осы ағайынды төрт ишан он бес жыл Мекке-Мәдинеде дәріс алып, 1882 жылы ишандық дәрежемен елге оралған" деп жазылған. Сонымен қатар, кітапта: "Аман-сау елге келген соң, халықтар қаумалап: Қиын-қыстау тұстағы Нұрпейіс, Баймағамбет. Аймағамбет, Әйтім, Ысқағы Аллаға беріп көңілін, Мешіттің орнын ұстады" деген өлең жолдары бар. Тілеулімен бірге Үмбет деген аталықтан Боза, одан Ақкісі, одан Тәнім, одан Еділбай, Алашбай, Бөлекбай деген үш бала туады. Еділбайдан Жұмахмет, Алашбайдан Әбдіразақ туады. Жұмахмет деген кісі әлгі төрт ишанмен замандас, әлгі кітапта аттары қатар аталады. Ал, сол кезде Алашбай ишан төрт ишанның әкесі Ырғызбаймен замандас адам болып есептеледі. Мүмкін, жасы кіші шығар?! Тасөткелдегі мешітті ұстаған Алашбай ишанның Таразы, Күнсары, Әбдіразақ деген екі қызы, бір ұлы болған. Таразы деген қыздан ұрпақ жоқ. Тапқан балалары тұрмаған. Халық «әулие» атаған. Күнсары деген қызынан ұрпақ бар. Олардың ішінде қойлыбай-қаракісіден шыққан Бимолда Сәрсенғалиев деген білікті дәрігер болды. Әбдіразақтың екі қызы болған Қадиша, Қанима деген. Қадиша шобан руынан шыққан Жұбатқан Иманбаев деген азаматқа күйеуге шығып, одан Ажар, Базар, Болар, Айкенже, Дәмегүл деген бес қыз, Мешітбай, Алпысбай деген екі ер баласы бар. Қанима қойлыбай-қаракісі руынан шыққан Сәдуақас Қошалақов деген азаматқа күйеуге шығып, одан Роза деген жалғыз қызы дүниеге келген. Одан кейін күйеуі соғысқа кетіп, басқа адамға күйеуге шығуға мәжбүр болған. Әбдіразақ қайтыс болғаннан кейін, әйелі Сағираны қайнағасы Жұмахмет әмеңгерлік жолмен алған. Сосын одан Тілеубай, одан Орақ туып отыр. Орақ атасы Жұмахметтің бауырында өскен, өз әкесін аға есеп көреді екен. Осыдан шығатын қорытынды, Тасөткелдегі мешіттің негізгі иесі Алашбай ишан. Содан кейін, Ырғызбайдың төрт баласының біріне бұйыруы мүмкін. Жалпы, мешіттің қирап қалуына дейінгі аралықта қаракісіден шыққан діни білімі бар молдалар мешітті кезектесіп ұстаған деген тұжырым жасауға болады. Алашбай ишанның қызы Таразы қартайған шағында әкесінің моласына барып, құран оқып, топырақ алып, балаларды емдейтін қасиеті болған дейді. Сондай-ақ, Алашбай атаның бұлағы болған, қазір көзі бітелген. Білетін адамдар содан су алып, емдік қасиеті бар деп ішкен. Атаның сүйегі сол қорымда жатыр, басынан шырақ жанады, бірақ ол барлық адамға бірдей көрінбейді. Деректерді айтушы: Орақ Жұмахметов және Сақыпжамал Бисеналина. Жазып, тұжырым жасаған: Серік Әбдіжәми. 12.04.2021 жыл.
Тасөткел ауылындағы мына қара мола тарихын тереңге бүгіп жатқан тылсым дүние болып шықты. Бұл мола мен ес білгеннен бар, бала кезімізде баурайына барып, шанамен сырғанап ойнаушы едік. Бірақ, ол кезде молаға жақындамаймыз, шаруамыз жоқ, мән бермейміз. Енді, моланың бүйірінен арабша кітаптардың жиынтығы табылып, республикаға танымал болғаннан кейін, қызығушылық басталды. Қабірдің басында мынадай жазуы бар құлыптас тұр: руы Төртқара, Шақа тайпасы, Есенұлы Көбен. 1900 - 1937 ж.ж.қайтыс болды. Құлыптасты қойған баласы - Керей. Енді, осыған түсінік беріп көрейік: Қарамашақ атамыздан төрт аталық тарайды. Олар: Оразгелді, Ораз, Жаншүкір, Қараш. Жаншүкірден Қасым-Торым деген екі ірі аталық шығады. Ал, Қараштан да екі аталық: Ақпан-Тоқпан болып бөлінеді. Қасым дегеніміз қаракісілер, Торым дегеніміз сексендер. Сексеннің өзі бірнеше аталыққа бөлінеді, соның бірі - Шақа екен. Ауызша жеткен әңгіме бойынша: Көбен деген кісіде бала болмаған. Керей деген кісі Көбеннің інісі Сұлтанғали дегеннің баласы. Көбен - сауатты, беделді адам болған, есепші болыпты-мыс. Қалың жылқыны қуып келе жатқанда аттан құлап өлген, содан сол жерге жерлеген делінеді. Енді осыны өзімше талдап көрейін: Біріншіден, бұл мола ескілікті құрылыс саналады. Жылқының қылы мен сүтін араластырып салған дейді. Олай салу үшін қанша жылқы және сүт керек? 1937 жылы ондай мола салатындай жағдай бар ма еді? Сол кездегі бізге белгілі байлардың бірі мың жылқы айдаған Рысмағамбет деген (төртқара-қасым-тәйірберлі-балта) кісінің өзі 1928 жылы кәмпескеге ұшырады. Екіншіден, Көбен деген кісі 1900 жылы дүниеге келген адам болса, ол менің атаммен құрдас, замандас адам. Онымен қатар өмір сүрген адамдардың моласы қазіргі стильде, яғни күйдірілген кірпіштен салынған және олар туралы нақты мәліметтер бар. Құлыптастары жақсы сақталған. Ал, бұл кісінің өзінің құлыптасы қайда? Моласы ескі, ал құлыптасы жаңартылған. Демек, арабша жазудағы ескі құлыптасы қолды болған немесе, топырақ астында шөгіп, көмулі жатқан болуы мүмкін? Үшіншіден, қаракісілердің моласында сексен аталығының жалғыз адамының сүйегі жатуы ақылға сия ма? Оның үрім-бұтағы, ағайындары қатар жерленбей ме? Түсініксіз жағдай. Бұдан шығатын қорытынды: бұл молада жатқан мүрде өзге адам және ертеректе өмір сүрген атақты адам болуы мүмкін. Тасөткелде қаракісілерде байлар көп болған. Соның бірі - Смағұл Тасмырзаұлы деген қойлыбай-қаракісі. Ол заманында 100 аппақ нары бар және үйір-үйір жылқы айдаған бай болыпты. Оқыған, орысша сауатты, мектепте бала оқытқан делінеді. Сол репрессияның болатынын алдын-ала сезіп, артық малын елге таратып, аз малымен ауылдан сыңсу айтып көшкен екен. Содан Үргеніште тұрып, ел аяғы басылған соң, елге ораламыз деп көштің басын Тасөткелге бұрған, бірақ жол-жөнекей Қазалы маңында бір баласы қарақшының қолынан қаза тауып, сол жерге жерлеп, содан сол жерде тұрақтап қалған. Қазір ұрпағы сол жерде өсіп-өніп, тамыр жайған. Соның бір немересі Қуаныш деген ағамыз 2014 жылдың шамасында Ақтөбеге келіп ағайын-тумамен қауышып, молда Арыстан ағамыздың үйінде берілген үлкен садақаға қатысты. Сосын сол кісінің өтінішімен мен көлік тауып, оны арнайы Тасөткелге апарып қайттым. Ол атасы Смағұлдың қыстауы болды деген жерге барып, орнынан топырақ алды, атамекенге тәу етті. Көзіне жас алып, тебіренді. Ауылдың құдығынан су ішті. Сосын, ол Смағұл атасының әкесі Тасмырза мен атасы Көбентай деген адамдардың моласы болу керек, сол қайда болуы мүмкін деп іздеу салды. Сонда, Көбентау деген сөзді менен естіп, құлағы елеңдеп, әлгі қара молаға бардық. Ондағы құлыптастағы жазуды оқып, бұл басқа адам екен деп кері бұрылдық. Меніңше, ол сол келгенінде қателеспеген сияқты. Ол сол КӨБЕНТАЙ деген кісінің мүрдесі болуы мүмкін. Оған сондай күмбезді мола тұрғызуға, оның баласы Тасмырзаның, немересі Смағұлдың құдыреті жетеді десек қателеспес едік. Қорым қаракісілердікі, іргесінде Смағұл байдың қыстауы тұр, ал оның ата-бабасы сонда қайда жерленуі мүмкін?.. Сол сапары Ақтөбеге қайтып келе жатқанымызда, жолшыбай Хромтау қаласына ат шалдырып, марқұм Алданыш әжемізге сәлем беруге ниеттендік. Сонда сол кісінің айтуы бойынша да қарамола қорымы қаракісілердің, оның ішінде қойлыбайлардың көне қорымы деген жауап алдық. "Мешіт" қорымы берігіректе пайда болған. Қара моланың арғы басында "Қошалақ көлі" деген жер бар. Қошалақтан Сәдуақас, одан Роза деген қыз туады. Роза апай қазір Хромтауда тұрады. Сайдың етегінде "Жаулыбайдың бұлағы" деген орын болған. Қазір орны жоқ, көзі бітелген. Бұлардың барлығы да қойлыбайлар. Енді, басқа қандай дәлел керек? Көзі қарақты оқырмандарым, енді аржағын өздеріңіз сараптап көріңіздер! Қара мола зерттеуді қажет етеді. Ол жерден табылған кітаптарды да музейге тапсыру ісі менің маңдайыма жазылыпты, бұл да кездейсоқтық емес шығар, алла-тағала жақсырақ білуші. #рухани_жаңғыру. Серік Әбдіжәми.
"Жанбалина Дәмегөй Жарылғасынқызы 1894 жылы туған. Қазалы жақтан келген. 1935 жылдан бастап Тасөткел колхозының тұрғыны". Ескі блокнотта осылай деп жазылған, демек, отырықшылыққа осы кезден бастап орныққан болуы керек. Бұл тарих осы кісінің айтумен әрі қарай былай өрбиді: "Тасөткел колхозы сиыр, өгізбен сабан айдаған. Шалдар үйретіп, жегіп берген, сонымен тары сеуіп, егін еккен. Бөгетсай жағынан Өталин Мырқы (Жансәуленің шалы Жарасбайдың әкесі) басқарма болды. Басқармалар: 1941 жылы Сарманов Әділ - Қаракесек. 1942 жылы Серікбаев Шеген. 1942 жылдың күзінде Ұзақбаев Байзақ. 1942-43 жылы Бәйімбетов Сыбан. 1943 жылы Сарыбасов Жұмағали. 1944 жылы Қарағұлов Қожағұл. 1945 жылы Өталин Мырқы. Колхозда соғыс уақытында жұмыс істеген әйелдер: 1. Үрбіш Тәжаяқова. 2. Бибіш Нұрымбетова. 3. Нағила Бабаханова. 4. Базар Тәжаяқова 5. Жұмагүл Жанбалина. 6. Алданыш Жүсіпова. 7. Нақила Сәрсенбаева - зв.ферма. 8. Сұлу Өмірбаева. 9. Жібек Нұрымбетова. 10. Тұрсын Төремұратова. 11. Айсұлу Жанаева. 12. Жаңылдық Қожабаева. 13. Ермек Серікбаева. 14. Разия Шыбынтаева. Шөп шабуды Айбергенов Құдайберген, сабан айдауды Шотаев Жұмабек үйреткен. Соқа-саймандарды жөндеуге көмектескен. 1941-1945 жылдары райкомда секретар болып істеген И.Медеубаев деген кісі "Еңбек ардагері" деген атақ берген. МТМ бастығы Калимуллин Ноғай. Бронмен алып қалған. Жалғыз комбайнды Есекенов Төбет айдайды. Төлеубаев Шүкімбай бригадир болды. Ол ауданға жаяу барып, құрал алып келеді арқасына таңып. 7 жылдық мектеп болды. Сабақ бергендер: Нұркен Іскендір, Нәдір, Күнипа Арықпаева, Ғауһар Асатова, Баймахан, Ажар Көрғұлина, оның Айғаным деген сіңілісі болған. Соғыстан бірінші болып елге Төлеубаев Жылгелді, Сарбас, Ізмағамбет (Әлтайдың әкесі) келді. Ең бірінші қара қағаз Қошалақов Сәдуақастан келді. 1945 жылы Әбсадықтың ағасы Әбдісұлтан шешесі Құрақ сиырды жегіп, Қаракөлдің басынан Ақтастысайға қарай сиырмен алысып шаққа бара жатқанда баласы жолда арбаның астына түсіп қалып, содан бала кеміс болып қалған. 1937 жылы мектеп салынады. Жанбалин Мақаналы жерді қазып жатқанда күршек табылған. Оның ішінен адам суреті және бытыра, адамның асық жілігі мен ғауһар тас табылған. Оны прораб ноғайға берген. Ол оны алып кетіп қалған. Мектептің бүкіл пешін салған менің шалым еді. Бригадир Төлеубаев Шүкімбай, комбайнер Есекенов Төбет, механик Пәтқұлла. Қалимуллин Ноғай Ойылдан Берсиев Шығанақты іздеп барып, Әбдірахман дегенді ертіп келген. Ол көрсетіп, үйреткен, шығыршығын темірден ұстаға істетіп алып қалған. Қасында Иманалы деген інісі екеуі. Екі сабан айдадық. Айбергенов Құдайберген, Тәжаяқова Үрбіш және қызы Базар жер айдайды. Тәжаяқов Орынбасар тырмашы. Екі сабанда 12 өгіз алтыдан жегеді, тырмада 4 өгіз екіден жегеді. Соны баққан Нұрекеқызы Жұмагүл. Иманалин Дүйсеш екеуі бақты. Өлкеден шығып құдық қаздық. Содан атыз істедік. Соған Руденко деген кәрі орыс келіп үйреткен. Оны Мақаналы үйреніп, сол қалғанына сол үйреткен. 10 гектарға тары септік. Тары себуді Мақаналы істеген. Содан 45 центнерден өнім алған. Ұзындығы 80 таяқ. Екі таяқ обощ еккен. Қауын-қарбыз, асқабақ, помидор, қияр еккен. Темекі еккен, редиска сепкен. Соның барлығы керемет шыққан. 1931-32 мешін жылы сол жаққа кеттік, тауық жылы Сырға қыстадық, ит жылы жаяулап-жалпылап арқаға құладық. Стахановшылар қатарында: Құдықсайдан Жиенғазин Ахмет; Ақтастыдан Көшербаев Жабай; Тасөткелден Жанбалина Дәмегөй. 1937 жылы детсадта болдым. Жанбалина Дәмегөй - заведущий Кәрібаева Шонық - көмекші. Айбергенова Жауыз - нянка. (Мынадай тізім бар, сірә балалардың есімдері сияқты) : 1. Айбергенова Жарбол. 2. *** Шарипа. 3. *** Рая 4. Қошалақова Зейнеп. 5. *** Зейнет. 6. Есенкелдин Есіркеп. 7. *** Мүсіркеп. 8. Иманалин Бейсенбі. 9. *** Жарылқаған. 10. Қазтуған. 11. Кәрібаева Байдрахман. 12. *** Ермек. 13. Баймаханова Тұрсын. 14. Махамбетова Шәмшә. 15. *** Шарапат. 16. Маханалина Апуза. 17. *** Аяған. 18. *** Рахат. 19. Айтішев Мұқатай. 20. Айтішева Қатира 21. Құрақбаева Мерей. 22. *** Мария. 23. Шегенов Мұханбетжан. 24. Шегенова Нахай. 25. Балапанова Апуза. 1942 жылы қыста қаңғып кетіп, отын-суы жоқ 5 семьяны қолыма алып бақтым. Құрақбай дегеннің әйелі екі баласымен, Нұрымбетова Бибіт деген әйел қаңғып қалған, Құдайбергеннің әйелі екі баласымен (бір ұл, бір қыз), Әйтішбаев Жаулыбай дегеннің әйелі ауыру 14-15 тегі баласы бар, Тақыш дегеннің әйелі және баласы Арыстан. Соларды бес жыл бақтым, боғын жудым, қолымда болды. Қысқаша осындай мәліметтерді теріп жаздым. Ескі блокноттан нашар жазылған жазуды түсініп жазу өте қиындық тудырды. Блокноттың иесі: Нұрқасым Саудин. Жазып алған: Серік Әбдіжәми. 02.05.2021 жыл.
Бағымбай Төлеубайұлы (1906 - 29.12.1985 ж.ж.) - қыстауы: кішіқұм, жайлауы: Тасөткелдің Молотов деген жері болған. Отырықшылық басталған сәтте сол жайлауды мекендеп тұрған. Бұл жайлау Тасөткел ауылының он екі колхозының бірі. Шыққан тегі: Төртқара - Қараш - Ақпан - Шынтас (ақкиіз). Оның ішінде: Жанғана - Жарылғас - Ізбас - Едіге - Нарымбет - Төлеубай. Төлеубайдан төрт бала: екі қыз, екі ұл тарайды. 1.Майқан. Жұмағалидің кемпірі. Бала жоқ. 2.Нұрғали - Сабанбай, Сабанғали, Аманғали. 3.Бағымбай - Қуантқан апай, Шолпан, Айман, Толағай, Құралай. 4.Алтынзер. Оның Қалжан және Салтан деген екі қызы бар. Бағымбай Төлеубайұлы 1942 жылы соғысқа Орский қаласынан алынады, ал ағасы Нұрғали ауылда жүргендіктен Қарабұтақтан алынады. Екеуі екі бөлек соғысқа алынып, бір-бірін жол-жөнекей соғыста ғана бір рет жолыққан екен. Содан кейін, Нұрғали соғыстан оралмаған, үйіне қарақағаз келіпті, ал Бағымбай пленге түсіп, соғыс аяқталған соң аман-сау елге оралған. Мынадай қызықты дерек бар: соғыс біткен соң, плендегі тұтқындарды екі жақ бөліп алыпты. Сонда, Бағымбай бергі бетте Кеңестер жағында қалып, ал ауылдасы әрі тумалары Рақымжан мен Жемісалы Герман жағында қалған. Бас еріктері жоқ, ештеңе де айта алмаған. Олар тірі болса оралатын шығар деп үміттенген, бірақ сол бойы хабарсыз кеткен. Сонда қараңыз, олар соғыс аяқталған кезде тірі болған. Қазір ойласақ, ол аталарымыздың тағдыры қалай аяқталды екен, иманды болсын?! Бағымбай атамыз соғыстың алдында табыс табу мақсатында, Тасөткелден Жаманқалаға барған, сосын сол жерден соғысқа алынған. Соғыстан оралған соң, Жаманқалада тұрыпты. Сол жерден Жайықтың бойында өскен Жағалбайлының Жәдігер руының Назтай (1932-2012 ж.ж.) деген қызына үйленген. Ол Айтмағамбет хазіреттің қызы екен. Діндар болған. 1937 жылы 10 октябрьде қожа-молдаларды жазалау кезінде Орынбор жеріне апарып, төрт адамның бірі ретінде атып тастаған. Кейін, 1986 жылы ақталып, оған ескерткіш тақта қойылыпты. Ол жерде: Акбауов Айтмухамбет деп 62 қатарлы болып жазылыпты. Братский могиланы табуға себепкер болған орыс зерттеушісі Мойсеев деген кісі екен. Бағымбай атамыз өте момақан, бірақ ірі, төртбақ келген қара торы кісі болыпты. Дініне берік болған, бірақ намаз оқи алмадым, құран оқыдым дейді екен. Оразаны өмірінің соңына дейін ұстап кеткен. Жаманқалада 1962 жылға дейін қоныстанып, жасы ұлғайған соң, қорымға жақын отырайын деп, Тасөткелге көшіп келіпті. Бұл да қазіргі ұрпақ үшін үлгі іс. Бағымбай атамыз соғыстан кейінгі жылдары өзінің өткен өмірін еске алғанда үнемі неміс халқын мақтап отыратын болыпты. Тұтқында жүргенде жұмыс істетеді екен, сонда өзіне бөліп берген жұмысты тындырып берсе, артық жұмысқа салмайтын болған және еңбегіне, тәртібіне қарай тамақтарын да әділ беріп отырған. Ал, тентектік істеп немесе жұмыс істемесең ұрады дейді. Тұтқындар арасында намаз оқитындар болған, оларға тыйым салмаған. Ал, орыстар жағында мұндай кеңшіліктің бірі де болмапты. Бағымбай атамыз жауына қарсы оқ атқан адам болмапты, сондағы түсінігі: түбінде өлеміз ғой, өлсем де мойныма адамның қанын жүктемейін деп ойлайтын болыпты. Соғыс уақытында аш жүреді. Сонда шошқа етін берсе: тамақтың тек картобын ғана жеп, етін ысырып тастайды, онда да: аштан өлсем де, арам ет жеп күнәлі болмайын дейтін түсінікте болыпты. Соғыста Украина, Чехославакия жерінде болған. Бірде бір деревня маңында шекаралық аймақ болса керек, жол бойында снаряд түсіп, бір үлкен құнан өгіз жан тәсілім болыпты. Соны көрген бұлар жалма-жан жүгіріп, бауыздап, солдаттар болып жабылып, сүйрелеп бір үйдің ауласына кіргізіп, бұтарлап, сол ауылдың аш-арық тұрғындарына таратып тойындырыпты және өздері де жеген екен. Сол кезде, сол үйде бір орыс келіншек ай-күні жетіп, босанып жатыпты, ол да ет жеп, риза болған. Атамыздың арқасынан қағып, риза болып "пан-пан" деген. Украиндықтар өте қонақжай болған, ішер асын солдаттармен бөлісіп отырған, ал поляктар ондай халық емес, нашар болыпты. Біздің жеңіске жетуімізге партизандар көп көмек қылды дейді екен, немістер олардан өлердей қорыққан. Бағымбай атаның төрт қыз, жалғыз ұлы бар. Ұлы Толағайды түсінде аян көріп, баласына биік таудың атын қойған. Сол таудың басында ай тұрды, айдың бетін бұлт басып бұжыр болып тұрды, содан мына баланың бетінде де сондай қара дақтар бар деп, күлдіреді екен, негізінде баласы өзінен ауымайтын болған, ал қыздары шешесі Назтай әжеге тартқан ақ-сары кісілер. Міне, бұл да бір адамның өмір тарихы. Өмір деректі атаның үлкен қызы Қуантқан (1953 ж.туған) апайдың аузынан жазып алдым. Серік Әбдіжәми. 01.02.2021 ж.
Сағынай сұпы және оның ұрпақтары туралы. Сағынай сұпы - діни сауаты жетік, бай кісі болған. Туған-қайтқан жылдары белгісіз. Шыққан тегі: Төртқара - Жаншүкір - Қасым - Кенжеғара - Есен, Қарабас (бұлар бәйбішеден), Абыл, Тәйірберлі, Қойлыбай, Игібай. Есеннен 4 бала - Шіңгір, Шнекей, Мамырбай, Жанбай. 1. Шіңгір - Босқын, Самұрат. 2. Шнекей - бала жоқ. 3. Мамырбай - Бозғұлан, Зәмзе. 4. Жанбай - Дәмегөй (Балапанның кемпірі). Босқыннан 4 бала - Байсау, Сарбас, Бұйрабас, Мойнақ. Байсаудан 4 бала - Игілік, Шекербай, Жылтыр, Қартабай. 1. Игіліктен 3 бала - Дүйсебай, Дәуітбай, Қатбабай. А). Дүйсебай - Сағынай, Құлбас. 1.1.Сағынай - Смағұл, Мария (Торғайдың кемпірі). Смағұл - Елемес (т.ж.б - 1952 ж.), Зинолла (1916- 1997 ж.ж.), Сағидолла (1928 - 1932 ж.ж.). Елемес - Амангелді. Зинолла - Аман, Ақбота, Амантай, Самат. #Ескерту: Амантай - Смағұл атасының бауырында өскендіктен өзін Зинолланың інісі есеп санайды екен. 1.2. Құлбас - бала жоқ. Ә). Дәуітбай - Белгібай, Жауыпбай. 2.1. Белгібай - Баярстан - Қасай, Серік. Қасай - Ораз. 2.2. Жауыпбай - бала жоқ. Б). Қатбабай - бала жоқ. 2. Шекербай - Кнәзбай, Жібек, Іздә, Абдолла. 2.1. Іздә - Таңатар - Жақсылық. 2.2. Абдолла - Асылтай. 3. Жылтыр - Құлнияз, Көдебай. 3.1. Көдебай - Жұмағали, Жарасбай. Жұмағали - Қият - Ерлан, Нұрлан. Жарасбай - Орынбасар, Рәт. Орынбасар - Мұрат. Рәт - Марат - Қанат.. 4. Қартабай - бала жоқ. Сағынайдың мекені - Тасөткел ауылы. Тасөткелде Шәмпік деген жерде Сағынай базы деген жер бар. Сол жерде қоныстанып отырған. Шамамен 1928 - 1937 жылдар шамасында (нақтысы белгісіз) қыспаққа түсетінін сезіп, баласы Смағұл мен келіні Ақалтын екеуін Жаманқалаға жібереді. Сенен маған топырақ бұйырмайды, ел аяғы басылғасын келерсің дейді де өзі елде қалады. Олардың екі баласы Елемес пен Смағұл, яғни немерелері қолында қалады. Ал, үшінші бала әке-шешесінің қасында болады. Бірақ, Смағұлдың Ақалтын әйелі мен баласы Сағидолла Жаманқалада пойыздың астына түсіп опат болған. Ақалтынның лақап аты - Төре деп аталған. Яғни, оның ол есімі оның елге сыйлы әйел болғанын білдіреді. Ол 14 бала көтерген, алайда ішінде аман қалғаны екі бала екен. Олар: Елемес пен Зинолла. Смағұл атамыз кейін Разия (1902 - 1981 ж.ж.) деген екінші әйел алған, бірақ одан бала жоқ. Көне Дамбар деген жердің қызы, руы - құлтас. Сағынай сұпының көріпкелдік қабілеті болған. Ол өлерінің алдында үлкен немересін күтіп жатыпты. Содан айтатын көрінеді: менің құлағыма бір дүбір естіледі, қарашы, келе жатқан Елемес пе екен деп, сол кездері Елемес Тасөткел жаққа шаруамен кеткен болуы керек. Үйдегілер ешкім көрінбейді дейтін көрінеді. Бір кезде тағы да құлағыма дүбір естіледі, қараңдаршы дейді. Қараса, шынымен бір қарайған жалғыз адамның сұлбасы көрінеді. Сонда Сағынай сұпы кемпіріне шай қойдырып, екі немересін қасына отырғызып, өсиет сөздерін айтып, қоштасып, өз иманын өзі үйіріп: мен болдым, менен қорықпаңдар, бетімді жауып, ағайындарға хабар беріңдер деп, жүріп кете берген екен деседі. Қазір сүйегі сол өзінің қоныстанған өлкесінде қорымда жатыр. Елемес - техниканы керемет меңгерген кісі болыпты, техниканың ақауын жүріп келе жатқан даусынан-ақ айыратын болған, содан броньмен соғысқа бармай қалған, ал інісі Зинолла соғысқа 1941 жылы алынып, 1943 жылы сол аяғынан оқ тиіп, жараланып елге оралған. Госпитальда жарақатын емдеу кезінде тобығының маңында тамырдың астында оқ болған, бірақ оны алмаған, тамырына зақым келеді деп. Сол оқ өле өлгенше өзімен бірге жүрген және қайтыс болғанда солай жерленген. Немерелеріне көрсетіп отыратын болыпты. Зинолла атамыз соғысқа алынбас бұрын Алматыда "дорожный мастер" оқуын оқып, мамандық алған екен. Соғыстан оралған соң алған біліміне сәйкес жол салу құрылысына қатысып, 1962 жылға дейін Бөгетсай ауылында тұрыпты. Елемес 1952 жылы қайтыс болған соң, Смағұл әкесі жалғыз ұл Зинолланың соңына еріп, бірге тұрған. Содан, мен қартайдым, ағайынның арасына баруым керек деп, баласына ақыл айтып, Тасөткелге қайтып көшіп келген. Зинолла атаның өзі де ұзақ өмір сүріп, 81 жасында дүниеден озған. Денсаулығы мықты болған, дәрігерге қаралу дегенді білмеген. Өлер шағы келгенде: аяғыма қара дақ түсті, менің нағашымда да осылай болған еді, енді көпке ұзамаймын деп сәуегейлік танытқан, айтқаны дәл келген, бас-аяғы 20 күннің шамасында дүниеден озыпты. Бұл естеліктің барлығын Зинолла атаның үлкен ұлы, қазір қазыналы қарт болып отырған Аман ағай (1954 ж.туған) айтып берді. Ол қазір зейнеткер, кенже баласының қолында тұрады. Ол өзінің әкесі туралы еске алғанда, оның кейбір өсиет сөздерін былайша еске алды. Әкем айтушы еді: ас ішіліп болып, бата жасалатын кезде "сен қайтар, мен қайтар!" дегенге жеткізбе, айтылды ма, бірден қолыңды жайып, асыңды қайыр, егер дастарханның бұрышында отырып қалған болсаң, қайырып қой деген. Сосын, шын ықыласпен айтылған бата-тілек қабыл болады деп есептеген. Сол секілді, құранды оқығанда да шын ықыласпен оқысаң, өз білген сауатыңмен оқудан жасқанба дейтін болған. Құран оқитын сәтте бас киімсіз отырған болсаң да, бас киім іздеп әуре болма, өйткені, құдайды алдай алмайсың" деген. Құранның қандай сүресін қандай дәрежесінде оқысаң да шын ықыласпен оқуға кеңес берген. Фотода: Зинолла атаның бейнесі мен құжаттары және марапаттары ұсынылған. Естелік әңгімені тыңдап, жинақтап, қағаз бетіне түсірген - Серік Әбдіжәми. Ақтөбе қаласы. 05.02.2021 жыл.
Біздің Тасөткелде ерекше адамдар көп болған, бірақ кейінгі ұрпақ көп біле бермейді. Солардың бірі - Құлынтай бай туралы аз-мұз мәлімет бергім келіп отыр. Құлынтай Бесбатырұлы (1890-1934 ж.ж.) - орташа бай болған. Руы Төртқара-қаракісі-байрақ. Үйтастың бергі жағында Құлынтай базы деген жер жаз жайлауы болған. Оның Сағи (1914-1982 ж.ж) деген баласы бар. Жарты патша Дербісәлімен құда болған. Кәмпескенің уақытында қорқып, оның қызын төркініне қайтарып, ал баласы Сағидың фамилиясын өзгертіп, жамағайыны Төлеу деген кісінің ата-тегіне "Темірқұлов" деп өзгерткен дейді. Сосын орыстардың арасына сіңіп, жоқ болып кетсін деген оймен Орский қаласына жібереді. Құлынтай - культурный бай болған. Дүкен ұстаған. Орыс-татарлармен көп араласқан. Төрт ат жегетін пәуеске арбасы, Бөтенбай деген атқосшысы болған. Сол кездегі қазақтар оның шаруашылығын "Құлынтайский капратип" дейтін болған. Сағи 1937 жылы әскерге алынады, содан елге оралатын кезде Фин соғысы басталып кетіп, содан елге 1955 жылы Хрущевтің шығарған заңына сәйкес отставка алып, запастағы полковник шенімен оралады. Содан Қызылордада қызмет істеген. Сосын Хрущев сол кезде Батыс Қазақстандағы облыстарды бір край етеміз, орталығы Ақтөбе болады деген соң Сағи осында көшеді. Әскерде жүргенде Софья деген татар қызға үйленіп, одан бір ұл, екі қыз сүйеді. Олар: Роза (1949), Дина (1951), Ғалым (1961). Бұлардың барлығы да орысқол адамдар болып кеткен. Ғалым астанада тұрады. Құлынтайдың Сара деген қызы болған. Сонымен қаракісінің қарабас аталығынан шыққан Тағыберген Бітімбаев деген жігіт сөз байласқан. Тағыберген ән айтып, өлең шығаратын сері жігіт болыпты. Өнерлі жігіт байдың қызымен сөйлесіп жүреді. Содан қызды алып қашпақ болып, ағайындарынан ат-көлік сұрайды. Оған ағайындары Құлынтайдың атағынан қорқып, жәрдемдеспепті. Содан қызды жаяу алып қашқан дейді, бірақ ұзаққа кете алмай, бір көбенің (үйілген шөп) аясында демалып жатқанда қыз жақтан қуғыншылар жетіп, "қызды беретін болды" деп алдап-сулап елге апарады. Сосын, қызды алып қалып, Тағыбергенді сабап-қуып жібереді. Жігіт ағайын-тумасына ат-көлік бермегені үшін ренжіп елден кетіп қалып, шығыс Қазақстан жақтағы Зайсан деген жерде әскерде болыпты. Одан елге подполковник шенімен оралып, Қарабұтақта тұрған. Татар әйелі, екі ұл, бір қызы бар. Келгеннен кейін де музыкадан сабақ беріп, барлық аспаптардың шебер орындаушысы болған. Сексен жасқа дейін өмір сүрген. Тіп-тік, ажарлы кісі дейді. Әскери киімін кигенде сыптай болады екен. Ол елге келгеннен кейін де әлгі жас кезіндегі ғашығын іздеп тапқан. Ол Сара қыз Ырғыз өңірінде тұрады екен. Тұрмыс құрған, үйлі-баранды адам. Бірақ, соған қарамастан күйеуінен айырып алып, үйленемін деп қиғылық салған, бірақ Сара оған басу айтып, әрең қойдырған. Сонда олардың жасы алпысты алқымдап қалған кезі дейді. Неткен махаббат десеңізші! Тағыберген Бітімбаев сексенге келіп қайтыс болған, қазір оның атында Қарабұтақта музыка мектебі бар. Мінекей, бір әулеттің тарихы қолда бар мәліметпен осылай өрбіді. Әңгімелеп берген: Жақсылық Санаев және Тағыберген Талапбаев. 30.12.2020 жыл. Жазып алған, мен - Серік Әбдіжәми.
Тасөткел - тарихын тереңге бүгіп жатқан киелі жер. Ауыл аумағында ескі қорымдар көп. Осылардың кейбірінен құмыра, әртүрлі зергерлік құнды бұйымдар табылған. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл жерде, есте жоқ ерте заманда "Бай қорғаны" деген жұрт болған деседі. Анығын Алла біледі. Ауылдың іргесінен Жоса өзені ағып жатыр, соның жағасында бір биік төбенің басында қарамола бар. Оны жергілікті жұрт "Көбен тау" немесе "Қара мола қорымы" деп атайды. Олай қосарлап атауының өзіндік сыры бар. Бұл қабірде Көбен есімді бір ер адам аттан құлап өлген екен, сосын осында жерлеген дейді. Молаға қойылған құлыптас берігіректе жасалған сияқты. Жалпы, тереңірек зерттеуді қажет етеді. Енді, осы моланың іргесінің мүжіліп, сөгілген тұсынан құран кітабы табылды. Оны бірақ, халық киесінен қорқып, қозғамай отыр. Мен де барып, фото-видео жасаған едім, бірақ видеоға ілінбепті, сірә бір құдыреті бар шығар деген ойға келдім. Мұны жазудағы мақсатым, мәдениет басқармасы мен діни басқарманың назарын аударып, зерттеу жұмыстарын қолға алса деген ниет еді, әйтпесе, құран кітап жаңбыр мен қар суынан бүлініп қала ма деген қорқынышым бар. Бұдан бөлек бұл ауылда Алашбай ишан бастап ұстаған қаракісілер мешітінің орны да бар. Ол 1928 жылы қиратылған.
Төртқараның Қаракісі Бесбайынан тарайтын Кенжебай деген ағайыммен танысып, үйінде қонақта болдым. Содан ағамыз өзінің өмір тарихынан сыр шертіп, аталары туралы біраз мағлұмат берді. Кейінгі буын ұрпаққа тәлім болар бір мағлұматтар кезіксе, пайдасына жарап қалар деген оймен баяндағалы отырмын. Ережепов Кенжебай Ережепұлы 1953 жылы Арал ауданы, Қасқақұлан ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ата-тегіне тоқталсақ: Бесбай > Күшік, Мұрт. Күшік > Бәйтерек, Бәйбек, Сүйен. Бәйтерек > Табылды, Құлтас, Қойтас. Табылды > Малмақ, Отыншы, Амантай. Малмақ > Қосан, Жаншора, Жиеншора. Жаншора > Ережеп, Үдер, Теңізбай. Жаншора деген кісінің қай жылдары өмір сүргені және қайда жерленгені белгісіз, үлкендердің айтуынша Тесік деген жерде жерленген делінеді. Жаншора атамыз мұсылманша оқыған, сұпылық дәрежесі болған екен, ол заманда біздің аталарымыз сыр бойын қыстап, жазда қырға шығатын болған. Жаншора атамыз қайтқанда, түйеге теңдеп сыр бойындағы Тесік деген қорымға жерлепті, ту қырдан сыр бойына әкеліп жерлеуіне қарағанда атамыз құр адам болмаған сыңайлы. Ал, кемпірі Балқаш 1860-1939 ж.ж. өмір сүрген және Қасқақұлан деген жерде жерленген. Жаншораның үлкен ұлы Ережеп шаруаның адамы болған. Шектіден тарайтын Асанның Көбегінен шыққан Бақыш деген байдың қарауында болған дейді, яғни әлгі байдың балдызы екен. Жездесінің малын баққан соң өзі де күйлі тұрған секілді. Совет заманы орнаған соң Ережеп колхоздың малын бағып, қарапайым тіршілік кешкен. Ережеп екі әйел алған кісі. Бәйбішесі Меңкей есімді әжеміз, елге сыйлы, адуынды адам болған. Ауылы оны "Княз" деп атаған. Төртқараның Сексен, Тайжер деген руынан шыққан Сырымбет деген кісінің қызы екен дейді. Сырымбеттің балалары көп болған, өсіп-өнген ұрпақ екен. Оның Әлмағамбет, Есмахан, Аймахан, Баймахан, Дүйсенбай, Жұмағұл есімді ер балалары мен тағы да қыздары болған. Сол Әлмағамбет 1930 жылы Асан көтерілісіне қатысып, оққа ұшқан. Сүйегін алуға қызыл әскер рұқсат бермеген екен, Дүйсенбай деген інісі әйел болып киініп, түнделетіп, сүйекті ұрлап алып шығып, жасырын жерлеген дейді. Содан әйелі Ибаш күн көруі нашар болған соң, әрі жаудың баласы деп күн бермей жүрер деп қорқып, Жадыбай деген үш айлық қызды Қазалы жақтан келіп, теңізден өтіп, Қасқақұланда отырған Ережеп пен Меңкейдің (апасы) қолына әкеліп: "еті де, сүйегі де сенікі" деп, тапсырып кеткен. Сөйтіп, Жадыбай деген қыз Әлмағамбеттің апа-жездесінің қолында сол үйдің қызы болып бойжетіп, сол үйден ұзатылып, сол шаңыраққа сіңіп кеткен. Меңкей әжеміз бала көтермеген. Бірде Ережеп шаруадан келіп, әйелінен сусын сұраған. Ол кезде қымыран, шұбат тағы да басқа сусындарға сүт немесе су қосып, тұшытып беретін болған. Сол күні Меңкей әжеміз аңдамай қымыранды солайымен ұсына салыпты. Ережептің өңешін қырнап, өзегін өртеп жібереді. Содан, ашуға бой беріп, әйеліне қол тигізген екен. Әжеміз азаланып, мені бала таппады деп ұрды деп ойлап, "Бегім ана" күмбезіне барып, бала сұрап түнеген. Түсінде Бегім ана: ей, бейшара, тағы да келдің бе, мен саған өз етегіңнен бере алмаймын деген жоқпын ба деп, бір әшекей заттарды шашып жіберіпті дейді. Содан әжеміз ойланып, күйеуіне кіші әйел (тоқал) алуға рұқсат етіпті. Алайда, Ережеп бірнеше әйел алса да, бәйбішесіне жақпай, тұрақтамаған. Соңында, Марияш деген әйел бәйбішенің көңілінен шығып, екеуі апалы-сіңлідей сыйластығы жарасып, майдай жаққан. Сол Марияш анамыз бен Меңкей әжеміздің баурайынан: Ниязбай (ерте қайтыс болған), Шамшырақ, Жадыбай (жоғарыда тарихы айтылды), Ақжарқын, Байұзақ, Гүлмараш, Ұзақ-Кенжебай (егіз) деген балалар тәрбиеленген. Ұзақ бәйбішенің баласы, Кенжебай тоқалдың баласы болып өсіпті. Ережептің інісі Үдерден Өмірзақ, Салтанат, Өтеген деген екі ұл, бір қыз дүниеге келген. Екінші інісі Теңізбай Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғын беріп келген. Оның Жанұзақ, Базар, Ажар, Төлек, Қоңыр деген екі қыз, үш ұлы бар. Ережеп 1884-1975 ж.ж., Үдер 1890-1969 ж.ж., Теңізбай 1900-1972 ж.ж. өмір сүрген адамдар. Қазір осы үш кісіден тараған ұрпақтардың көбісі Ережеп атамыздың атымен ата-тегін жаздырған көрінеді. Марияш анамыз егіз баласын туғанда Ережеп әкелері 68 жаста болған. Меңкей әжеміз 1890-шы жылы туып, 1961-жылы Қасқақұланда қайтыс болған, сонда жерленген. Марияш анамыз 1910-шы жылы туып, 1983-ші жылы қайтыс болған, Ережеп шалының қасында жерленген. Үдер - Қасқақұланда жерленген, Теңізбай - Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылында Жетім Толыбай қорымында жерленген. "Ережеп әкем, мені 1975-ші жылдың сентябрьдің сегізінде батасын беріп, сол кездегі Гурьев облысы, Мақат локомотив депосына өндірістік практикаға шығарып салған, мен кеткеннен соң 13 күннен кейін, тұрып-жүріп, ауырмай-сырқамай қайтыс болып, Қазалыдағы қорымға қойыпты", - деп, баласы Кенжебай аға еске алды. Ережептің қара шаңырағында қазір бәйбішенің баласы Ұзақ ағай отыр. Қазалыда үбірлі-шүбірлі отбасы. Естелік беруші: Кенжебай аға, тыңдап-жазып алған: мен, Серік Әбдіжәми. 30.04.2021 жыл.
Өмірден өткен қилы тағдырлар бар. Олардың өмірбаяндары кейінгі ұрпақ үшін сабақ болады ғой деген ниетпен мен бір әулеттің тарихын қысқаша баяндап жазып көрейін. Еласқан деген ағам бар. Толық аты-жөні: Елеусізов Еласқан Әбдірахманұлы. Туған жылы 1953 жыл. Рулас. Қойлыбай-Қаракісі. Қыз алыспайтын ағайын. Бірақ, бұл туысыммен берігіректе таныстым. Туып-өскен жері Жаманқаланың маңайындағы кіші-Құмақ деген жер екен. Мектепті орысша оқып, тәрбиеленіп, одан кейінгі кәсіби білімін де орысша алған. Қазақша білмей өскен. Әкеден 17 жасында қалған. Ағамыздың есімі неге Еласқан деп қойылған, енді соған тоқталайын. Әбдірахман Елеусізов (1923-1970 ж.ж.) - Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданы, Тасөткел ауылының тумасы. Ұлы Отан соғысына (сол кездегі түсінікпен) алынып, басынан аяғына дейін қатысыпты. Өзі 1923 жылғы болса да, комсомол билетіне 1922 жылғы деп жаздырып, соғысқа аттанған. Ең жасы осы болған дейді. Сонда да үлкендермен қалыспай, қан майданға сапар шеккен. Алайда, соғыста бірнеше мәрте тұтқында болған. Украина жерінде өздерінің тілінде "котелға" түседі. Ол жерден тірі шығу мүмкін емес, қашса оққа ұшады. Тұтқындарға жұмыс істеткен, ат арбамен шошқаның тамағын таситын болыпты. Сондай бір айдауда келе жатып, үлкен өзеннің бойынан өтіп бара жатқанда бір кохол жігіт: ай, қазақ, сен жүзу білесің бе, мына көпірден секіріп, қашайық деп ақыл береді. Содан Әбдірахман атам да келісе кетеді. Сөйтіп, көпірден секіріп, суға түсіп, қамыс жағалап, бой тасалап үлгереді. Котелда мыңдаған тұтқынды бес-алты неміс солдаты қолдарында автомат, велосипедпен айдап келе жатқан, олар мұны қуып жетуге шамалары жетпей қалыпты. Содан екі қашқын өзен жағалап, бой тасалап жүріп, сайдың етегінде кір жуып отырған үш-төрт әйелге тап келеді. Әуелде, әйелдер қорқып кетеді де, кейін қашқындар екенін түсініп, сабасына келеді. Сол уақытта, солардың ішінде бір әйел сыған болған, бұларға болашақтарыңды болжап берейін деп, картаны әп-сәтте жайып жіберіп, әлгі екеуіне былай депті: сендер осы колоннаға қайтадан қолға түсесіңдер, кохолдың ажалы оқтан болады, көп өмір сүрмейді, ал мына қазақ жігіт соғыстан жарақатсыз аман-сау оралады, бірақ ажалы мал бағып жүргенде болады деп болжап беріпті. Сол сәуегей әйелдің айтқаны дәл келген. Бұлар көп ұзамай өздері қашқан айдауға қайта түседі, әлгі кохол жігіт оққа ұшып өледі, ал Әбдірахман атамыз дін-аман елге оралады. Бірақ, елге өзгелерден кейінірек оралған, әбден тексерулерден өткен, сірә айыбы жоқ болған соң жіберген болуы керек. Сөйтіп, Тасөткелге оралады. Елге оралған соң ел қатарлы жұмысқа араласып кетеді. Әбдірахман атамыздың өзі әкесінен ерте қалған, яғни жетім өскен дейді. Ол кезде елде жетім де, жесір де көп, соғыстан кейінгі ауылдың жағдайы белгілі. Ешкімнің қарны тоқ емес. Сол уақытта, үкіметтен қаулы болып, Ресейдің Свердлов деген қаласына ауылдан жұмысшылар бару керек болады. Ағаш кесу, дайындау үшін. Соған бір ауылдың шет жағында тұратын жесір келіншек Әбдірахманның шешесі Шонық әжемізге келіп (өздері құрдас болса керек): "Шонық-ау, сенің балаң соғыста болды, өмір көрді, орысша біледі, әрі сенің ұлыңнан бөлек қызың да бар алданыш болар, ал, менің жар дегенде жалғыз ұлым бар, оның өзі жарымес, ол танымайтын жерге барса арам өледі, менің сол баламның орнына сенің балаң барсыншы, мен күнде тілеуін тілеп отырайын" деп айтады екен. Содан Шонық әжем ойланады. Әбдірахман соғыстан келгелі бері "пленниктің үйі" деген атаққа іліккен, оның үстіне Әбдірахман атамыз бір ағаларының әйелінің сіңлісін (яғни, құдашасын) әйел етіп алған, сол үшін қайынжұртпен ауыз алалығы болған, соны ойлай келе Шонық әжеміз баласы Әбдірахманды Ресейге жіберуге шешім қабылдайды. Баласына айтады: сен сол жаққа бар, жұмыс істе, жағдайың жақсы болса, кейін мен де сенің артыңнан еріп барамын деп, батасын береді. Содан, Әбдірахман атамыз келіншегі Бейбіт әжемізді ертіп, Свердловскийге жол тартады. Барған кезде әуелде қорқып кетеді, жерсінбей жүреді. Қалың орман, биік ағаштар. Тамақтары қан деп жемепті. Сөйтсе, онысы борщ екен, кейін үйреніп кеттік дейтін көрінеді. Содан келісімді мерзімі аяқталғаннан кейін, темір жолдың бойын сағалап, Жаманқалаға тұрақтаған, сосын шешесін көшіріп алыпты. Әбдірахман атамыз өте сауатты, тіл табысқыш, беделді болады. Помбригадир, учетчик, завсклад болып қызметтер атқарған. Әбдірахман атамның баласына Еласқан деп ат қоюының себебі осында екен. Бәлкім, ел-жұртты сағынған шығар. Қиын жағдай ғой, ойлап қараған адамға. Содан баласының үлкені Еласқан ағам мектеп бітірер жасқа келген соң оларды оқыту керек деген оймен (ол кезде мал баққан адамның табысы көп болған) мал бағуға шыққан. Сол бір мал бағып жүрген күндерінің бірінде адасып, үсіп өлген дейді. Сөйтіп, қан майданнан аман-есен оралған атамыздың дәм-тұзы мал бағып жүрген кезде таусылыпты. Әлгі сәуегейдің айтқаны дәл болыпты. Артынан аңырап анасы Шонық әжеміз және қатын-баласы қалған екен. Әкесі өлгеннен кейін, Еласқан - Жарасқан есімді екі ағайынды жігіт Бейбіт анасының қамқорлығымен және нағашы жұртының қолдауымен ер жеткен. Еласқан ағамның әлі де өкпесі ағайын-тумаға тарқамаған, олармен ренжіспесе де, етене араласып кету қиын дейді. Ер жетіп, етек жапқаннан кейін Еласқан-Жарасқан қос жігіт совхоздың лауазымды қызметтерінде жүргенде, Шалқардың Қарашоқат деген жерінен Тәуекел деген немере ағасы іздеп келген, қазір солармен араласып тұрады екен Міне, бір әулеттің тағдыры осылай өрбіген. Бағасын өздеріңіз бересіздер. Жазып алған: жақын туысы Серік Әбдіжәми.
Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданы, Тасөткел ауылында мешіт болған. Ол мешіттің бастауында Алашбай атаның есімі құрметпен аталады. Алашбай ишанның туған-өлген жылдары, өмірбаяны бізге беймәлім болып отыр. Білетініміз оның көреген, оқуы қатты кісі болыпты. Адам емдеген дейді. Алашбай ишан ұстаған мешіттің орны 1947 жылға дейін сақталған. Алашбай атаның әкесі Әнес (Әнеш) ишан дейді. Алашбай атаның балалары: 1. Қалимақсым-?. 2. Құлдыбай?. 3. Әбдіразақ > Қадиша (1912), Қанима, Бахрадин-0. 4. Таразы-0. (12 құрсақ көтерген). 5. Күнсары - Бимолданың шешесі. Алашбай атаның шыққан тегі: төртқара, қаракісі, Кенжеғара, Тәйірберлі, Үмбет. Алашбай атаның бір қызы күйеуге шығарда әкесінің батасын алмай, қашып кеткен екен дейді. Ондайды қазақ "әкенің белін сындырды" деп айыптайтын болған. Ол қызы туралы көп ештеңе айтылмайды. Таразы деген қызы тұрмыс құрып, 12 құрсақ көтерген дейді, бірақ бірде-бірі тұрмаған. Әбдіразақтың үлкен қызы Қадишадан туған Болар деген апайдың айтуы бойынша мынадай мәліметтер жазылып алынды. Болар апа Алашбай нағашысының басына үш рет барып түнеген екен. Бірінші түнегенде 8 жаста болған. Шешесі Қадишаға еріп барған. Сол кезде оның апасы Таразы ертіп апарып, әкесіне айқайлаған дейді: сен маған бала бердің, бірақ бәрін қайтып алдың, енді мына Қадиша баласыз өте ме, оған ұл бер!" деп. Содан 1946 жылы дүниеге ер бала келіп, оның атын Мешітбай деп қойған. Екінші рет 1972 жылы түнейді. Ол кезде де шешесі Қадиша қасына еріп барған. Бұл жолы Болар апаның өзі ауырған, кейін құлан-таза айығып кеткен. Үшінші рет 1991 жылы түнейді. Бұл жолы Берік деген немересі жол апатына ұшырап, аяғын кестіреді, басына зақым келеді. Соны ертіп барып түнетеді. Содан баласы тәуір болып, жазылыпты. Тағы бір аңыз бар: Тәйірберлінің Балта аталығынан шыққан Қожамұрат деген кісі төсек тартып, ауырып жатыпты. Көңілін сұрап Алашбай ишан барғанда, оған: бірінші болып сені мешіттің жанына жерлейміз дегенде, Қожамұрат: мен ол жерде жалғыз өзім қорқамын ғой деген дейді. Сонда, ишан: сен қорықпа, саған дейін ол жерге жолаушылап келе жатқан бір кісі келіп түседі, сосын сен түсесің деген дейді. Сөйтіп, сол қорымға бірінші болып қойлыбай-қаракісі Дайрабай деген кісі түседі, сосын Қожамұрат жерленген дейді. Бізде қазір осы айтылған деректерден басқа мәлімет жоқ. P.S.: Біз осы деректерді жаза отырып, Сіздерден тың ақпараттар бола ма екен деп күтеміз. Мүмкін, Ишанның туыстары туралы тағы да ақпараттар табылып қалуы мүмкін?!
Үмбеталина Нәзімгүл Сатайқызы 27.04.1937 жылы дүниеге келген. Туған жері Ақтөбе облысы, Новороссий ауданы, Қопа совхозы, Майжер фермасы. Руы: Жағалбайлы, Сәрке, Жамантымақ. Дербісәлі Беркімбаевтың жалғыз қызы болыпты. Атқа мінетін пысық қыз болған. Соның есімімен сенің де атыңды Нәзімгүл деп қойдым деп, әжесі Ақлақ Кенбаева деген кісі айтып отыратын болыпты. Ол әжесі 1870 жылы дүниеге келіп, 1958 жылы 88 жасында қайтыс болған. Ленинмен құрдас екен (өзім де бірінші рет біліп жатырмын). Нәзімгүл апаның әкесі соғысқа кеткеннен оралмаған. Өзімен бірге туған екі ағасы бар. Үлкен ағасы Сатаев Бақыт (1923-1983 ж.ж.) соғысқа барып келгеннен кейін тәуір қызметтерде болған екен. Мектеп мұғалімі, кейін мектеп директоры, одан соң ауыл советті басқарған. Екінші ағасы Сатаев Естекбай (1932-1967 ж.ж.) трактор жүргізушісі болған, трактордан аударылып мерт болыпты. 1956 жылы Қарабұтақтың жігітімен танысқан. Ол шопырлық оқып жүрген, ал апамыз дүкеншілік оқуда болған екен. Пушкин саябағында танысып, кездесіп жүрдік деп еске алды. 1958 жылдың 11 ноябрінде үйленген. Балалары: Марат (1961 ж.), Сәуле (1963 ж.), Зәуре (1965 ж.), Серікбай (1968 ж.), Нұрлан (1970 ж.), Жаңагүл (1974 ж.). Өмірлік жолдасының есімі Әлмұратов Болат (1937-1992 ж.ж.), руы: Төртқара, қаракісі, Мазы аталығынан. Екеуі үйленгеннен кейін Қарабұтақта тұрған. Болат ағай автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген. Содан бір күні Қарабұтақтың сол кездегі бірінші хатшысы Хвостов Михайл Ионович деген орыс азаматы өзінің қызмет көлігін жүргізетін жақсы маман іздеген екен, біреулер осы Болат ағамызды сілтеген. Сонымен, хатшының шопыры болып жүріп, 1963 жылы сырттай "Алматы ауылшаруашылық институтына" оқуға түседі. Оқуын бітірген соң қызметі де өзгеріп, әуелі Қарабұтақта инженер ТБ болады, одан соң 1967 жылы Қайрақты совхозына бас инженер болып ауысып барады. Сол жерде үш жарым жыл істейді. Одан кейін, әлгі совхоз үкіметтің ұйғарымымен таратылады. Содан кейін, сол қызметімен Тасөткел совхозына қарай қоныс аударған. Оны Тасөткел совхозына жіберген Қарабұтақтың бірінші хатшысы Нұржанов Рамазан деген кісі екен. Бұл отбасыны Тасөткелге көшіріп әкелуге Қайрақтыға менің әкем Әбдіжәми мен Алақай деген трактористер барыпты. Екеуі екі К-700 тракторымен екі тіркемемен төрт тіркеме затты тиеп әкелген. Менің әкеммен құрдас болып араласып тұрдық деп айтты. Мен келін болып түскенде өзім танитын қайнағаларым: Берстенов Тәжік, Алипов Амантай, Алипов Қатпа, Байсеркин Алдыоңғар деген адамдар болды дейді. "Сен маған бүкіл қайнағаларымның атын айтқыздың-ау!" деп, бір күлдіріп алды. Бұрынғылардың тәрбиесі қандай мықты болған деп, іштей мен де тамсандым. Нәзімгүл апа қазір Хромтау қаласында кенже баласы Нурлан Альмуратов ағайдың үйінде бақуатты тұрып жатыр. Апайдың әңгімесін тыңдаған: Серік Әбдіжәми. 20.04.2021 жыл.
Тасөткел ауылында арызқойлығымен аты шыққан бір адам бар. Оның есімі - Бақтыбай. Бұл кісі әрісі Қарабұтақ ауданына, берісі Хромтау ауданына танымал болған жан. Көбісі мұны бәлеқор, жалақор, жаман адам деп ойлайды, алайда, әсте ол ондай адам емес. Оның жақсылығын, шарапатын көргендер қазір жоқтап жүр. Тіріде жақсының қадірі бола ма, өлгенде ғана өкінеміз?! Бақтыбай Қожабекұлы 01.07.1925 жылы Қарабұтақ өңірінің Бала Талдық, Қайрақты деген ауылында туған. Руы Төртқараның Құлтас Сүгіләлісі. Әкесі Қожабек Талдық ауылында басқарма болған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, одан 1942 жылы "қара қағаз" келеді. Соғыс салдарынан бұғанасы қатпаған жас бала Бақтыбай тылда еңбек еткен.1947 жылы Белқопа ауылына көшіп келіп, "Қамыс өңдеу" зауытында жұмыс істейді. 1949 жылы Қолғанатқызы Жарқынаймен бас қосады. 1950 жылы Тасөткел ауылының Ақтасты бөлімшесіне келіп, "Ащы" қыстағында ірі қара бағады. 1957 жылы Бөгетсай совхозында жұмыс істеген. 1961 жылы Щербаков совхозында мал баққан. 1962 жылы Тасөткел совхозының ашылуына орай, √2 ферма Ақтастыда дүкенде сатушы болған. 1964 жылы совхоз орталығы Тасөткелге қоныс аударып, Орталықтың қойма меңгерушісі қызметіне тұрған. 1965 жылы √3 ферма Үйтаста завхоз болған. 1966 жылы √2 фермада агроном болады. 1974 жылы √3 фермада зоотехник болады. 1975 жылдан бастап Бөгетсай совхозында сауда меңгерушісі болып, кейін сол қызмет бойынша Тасөткелдің сауда орталығының басқарушысы болған. 1990 жылы зейнеткерлік еңбек демалысына шығады. 2001 жылы Тасөткел ауылынан Хромтау қаласына қоныс аударады. 2014 жылы 19 қыркүйекте 89 жасында дүниеден озады. Зайыбы Жарқынай (1932 - 2017 ж.ж.) 10 бала тапқан "Батыр ана". Қазір сол он бала арқылы кіндігінен тараған немере, шөбере, шөптекті есептегенде 92 ұрпағы бар екен. Осылардың барлығын көзімен көріп кеткен Бақтыбай ақсақал мен Жарқынай әжеміздің бақытты өмір сүргенін аңғару қиын емес. Бұл кісінің өмірбаянын қыздары Тайжан - Шайжан апайлар берді. Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан көз ереді дегендей, Бақтыбай атамыздың артынан да өтірік-шыны аралас көп әңгімелер бар. Бірде ол кісінің де артынан майшам алып, қызметі саудамен байланысты болған соң аудан мен облыс басшылары соңына түседі. Мақсаттары істі қылып, түрмеге жабу болған. Сонда бұл кісі олардың жымысқы ойларын алдын-ала сезіп қойып, әй-шәйға қарамай, кемпірін ертіп алып Алматыға жол тартқан. Содан Д.А. Қонаевтың алдына барып, болған жайды айнақатесіз жайып салған. Сөйтіп, өзінің қара басын арашалап қалған дейді. Ол кісі әділдікті сүйген. Кемпірі қонақжай болған. Үйінен қонақ арылмаған. Көзінің тірісінде бетіне ешкім тіке келе алмаған адам болыпты. P.S. менің өзім де бұл кісіні сырттай танығаныммен бетпе-бет келіп, тілдесіп көрмеппін. Осы күндері мені де сыртымнан өсектеп, "Бақтыбай-2" деп әжуалайтын ауылдастарым табылып жүр. Содан "осы кісі кім болған, соңынан осыншалықты дақпырт әңгіме еріп жүрген адам тегін емес шығар?" деген оймен өмір дерегімен таныстым. Дегенмен, мен ондай кісі болмақ түгілі, оның тырнағына татымайтын жан екенімді жақсы білдім. Марқұмдардың жандары жәннаттық болсын! Бақтыбай атаны көрген-білген, танитын жандар болса, қосымша жазар деген оймен жазбамды осымен доғарамын. Естелік жазушы: Серік Әбдіжәми. Тасөткел ауылының тумасы. 05.09.2021 жыл.
Балнияз Ажниязовтың "От Ржева до Берлина" / все воины-актюбинцы в составах 100 и 101 ОСНБ. Ақтобе, 2019/ атты мына кітабында Іскендір Нұркин туралы жазылған екен. Содан үзінді: "... Ол жылдары Іскендір Нұркин Тасөткел орталау мектебінің директоры болатын. Сол кезде Тасөткел өңіріндегі оқушылар түгел мектепке тартылған. Мектептегі оқу-тəрбие жұмысы жақсы жолға қойылған, оқушылардың сабақ үлгерімі жақсы деп бағаланыпты. ... 1939 жылы Іскендір Нұркин оқу-ағарту ісінің озаты ретінде, өзінің ұстаздық білімінің, ұйымдастыру қабілетінің арқасында облыс бойынша алғаш болып Ленин орденін алды. Ол кезде награданы Мəскеуден өздері барып алатын. ... Оның Тасөткел орталау мектебіндегі еңбек үлгісі бүкіл облысқа тарады..." Міне, осы бір ақпараттарды оқып таңғалдым. Біз мектепте оқығанда бұл кісі туралы мұғалімдер жұмған аузын ашқан жоқ, демек білмеуі де мүмкін. Сондықтан, осы бір тарихи деректер бойынша тақырыпты тереңдетіп зерттеу-тексеру жұмыстарын жүргізетін бір ғылыми қызметкерлер болса деген арманым бар. Қазір Тасөткелде ол сабақ берген мектептің орны бар ма, бар болса оған ескерткіш тақта қойылуы керек. Кімдер дəріс алды оны да анықтау қажет. Бұл құнды мəліметтер ауылдың маңыздылығын тереңдете түседі. Қазір Тасөткел ауылына су кіргізіліп жатыр, келесі жылы газ кіргізіледі деген жоспар бар. Демек, ауылдың өмір тарихы да осы жаңалықтармен бірге тереңірек зерделеніп, қағаз бетіне түсуі шарт дүние деп ойлаймын. Бүгінгі күннің басты оқиғасы ертеңгі ұрпақтың құнды тарихы саналады. Құрметпен, Серік Əбдіжəми. 10.05.2019 ж.
Іскендір туралы Бақытберген ағай ашып ештеңе айтылмады. Бірінші фермада Шәудірбайдың үйінің қасында 7 жылдық мектептің орны жатыр, сол жерде сабақ берген.
Жаман үйді қонағы билейді деген осындай болады. Менің қолымнан микрофонды жұлып алып, сөйлетпей қойды, бірақ Тасөткелдің тарихын менен артық білетін адам жоқ еді. Бір кем дүние!
Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында орналасқан Тасөткел ауылы - төртқаралардың мекені. Совет заманы орнағанға дейін жергілікті жұрттың қыстауы - Кішіқұм болса, жаз жайлауы - Шот-Жосаның бойы, яғни Тасөткел болған. Тасөткелді отырықшылыққа бейімдегенде 13-ші ауыл деп атаған. Ол жерде 1962 жылы кеңестік шаруашылық құрылғанға дейін 12 колхоз (ауыл) болған, олар әр аталық өз руымен қоныстанған. Кейін барлығын біріктіріп, "Тасөткел" деп аталатын бір ғана елді-мекен қалыптасқан.
Тасөткелде "Мешіт" деп аталатын қорым бар. Ол неге мешіт деп айтылатынын көпшілік жұрт, ауылдастарым біле бермейді. Себебі, мешіт деп аталатын қорымның жанында бұрыңғы уақытта мешіт болған. Ол мешіт - "қаракісілердің мешіті" болып аталған. Мешітті алғашқылардың бірі болып Алашбай ишан ұстаған. Бірақ, қазір осы Алашбай ишан туралы мардымды мәліметтер қолымызға түспей жатыр.
Шежірелік кітаптарды ақтарғанда бұл мешітті басқа адамдардың меншігі етіп көрсетілген. Бұл дұрыс емес. Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін деректер келтіреміз.
Кеуілқош Бейсенбековтің "Әлімнің бір баласы - Қарамашақ (Төртқара)" атты кітабында: Қасымның бес баласының кенжесі Кенжеғарадан алты бала өрбіген. Соның бірі Тәйірберлі. Оның сегіз баласы болған. Сол сегіз баланың Тілеулі атты атамыздан Ырғызбай ұрпақтары өрбіген. Ырғызбайдың өзі кезінде Алла жолына құлшылық етіп, халықтың діни сауатын ашқан, имандылық пен адамгершілікті уағыздаған, мешіт ұстаған және өзінің көріпкел әулиелігімен жұртты таңдандырған. Оның Нұрпейіс, Баймағамбет, Әйтім, Аймағамбет атты балалары да әке жолын қуған. Олар да ишан болған. Осы ағайынды төрт ишан он бес жыл Мекке-Мәдинеде дәріс алып, 1882 жылы ишандық дәрежемен елге оралған" деп жазылған. Сонымен қатар, кітапта: "Аман-сау елге келген соң, халықтар қаумалап:
Қиын-қыстау тұстағы
Нұрпейіс, Баймағамбет.
Аймағамбет, Әйтім, Ысқағы
Аллаға беріп көңілін,
Мешіттің орнын ұстады" деген өлең жолдары бар.
Тілеулімен бірге Үмбет деген аталықтан Боза, одан Ақкісі, одан Тәнім, одан Еділбай, Алашбай, Бөлекбай деген үш бала туады.
Еділбайдан Жұмахмет, Алашбайдан Әбдіразақ туады. Жұмахмет деген кісі әлгі төрт ишанмен замандас, әлгі кітапта аттары қатар аталады. Ал, сол кезде Алашбай ишан төрт ишанның әкесі Ырғызбаймен замандас адам болып есептеледі. Мүмкін, жасы кіші шығар?!
Тасөткелдегі мешітті ұстаған Алашбай ишанның Таразы, Күнсары, Әбдіразақ деген екі қызы, бір ұлы болған.
Таразы деген қыздан ұрпақ жоқ. Тапқан балалары тұрмаған. Халық «әулие» атаған.
Күнсары деген қызынан ұрпақ бар. Олардың ішінде қойлыбай-қаракісіден шыққан Бимолда Сәрсенғалиев деген білікті дәрігер болды.
Әбдіразақтың екі қызы болған Қадиша, Қанима деген.
Қадиша шобан руынан шыққан Жұбатқан Иманбаев деген азаматқа күйеуге шығып, одан Ажар, Базар, Болар, Айкенже, Дәмегүл деген бес қыз, Мешітбай, Алпысбай деген екі ер баласы бар.
Қанима қойлыбай-қаракісі руынан шыққан Сәдуақас Қошалақов деген азаматқа күйеуге шығып, одан Роза деген жалғыз қызы дүниеге келген. Одан кейін күйеуі соғысқа кетіп, басқа адамға күйеуге шығуға мәжбүр болған.
Әбдіразақ қайтыс болғаннан кейін, әйелі Сағираны қайнағасы Жұмахмет әмеңгерлік жолмен алған. Сосын одан Тілеубай, одан Орақ туып отыр. Орақ атасы Жұмахметтің бауырында өскен, өз әкесін аға есеп көреді екен.
Осыдан шығатын қорытынды, Тасөткелдегі мешіттің негізгі иесі Алашбай ишан. Содан кейін, Ырғызбайдың төрт баласының біріне бұйыруы мүмкін.
Жалпы, мешіттің қирап қалуына дейінгі аралықта қаракісіден шыққан діни білімі бар молдалар мешітті кезектесіп ұстаған деген тұжырым жасауға болады.
Алашбай ишанның қызы Таразы қартайған шағында әкесінің моласына барып, құран оқып, топырақ алып, балаларды емдейтін қасиеті болған дейді. Сондай-ақ, Алашбай атаның бұлағы болған, қазір көзі бітелген. Білетін адамдар содан су алып, емдік қасиеті бар деп ішкен. Атаның сүйегі сол қорымда жатыр, басынан шырақ жанады, бірақ ол барлық адамға бірдей көрінбейді.
Деректерді айтушы: Орақ Жұмахметов және Сақыпжамал Бисеналина.
Жазып, тұжырым жасаған: Серік Әбдіжәми.
12.04.2021 жыл.
Аманжан бауырым Алла разы болсын! Қаракісілер жыл сайын кездесіп тұрайық!
Ауызбіршілік ұзағынан болғай,Қазағым
Тасөткел ауылындағы мына қара мола тарихын тереңге бүгіп жатқан тылсым дүние болып шықты. Бұл мола мен ес білгеннен бар, бала кезімізде баурайына барып, шанамен сырғанап ойнаушы едік. Бірақ, ол кезде молаға жақындамаймыз, шаруамыз жоқ, мән бермейміз. Енді, моланың бүйірінен арабша кітаптардың жиынтығы табылып, республикаға танымал болғаннан кейін, қызығушылық басталды.
Қабірдің басында мынадай жазуы бар құлыптас тұр: руы Төртқара, Шақа тайпасы, Есенұлы Көбен. 1900 - 1937 ж.ж.қайтыс болды. Құлыптасты қойған баласы - Керей.
Енді, осыған түсінік беріп көрейік: Қарамашақ атамыздан төрт аталық тарайды. Олар: Оразгелді, Ораз, Жаншүкір, Қараш. Жаншүкірден Қасым-Торым деген екі ірі аталық шығады. Ал, Қараштан да екі аталық: Ақпан-Тоқпан болып бөлінеді. Қасым дегеніміз қаракісілер, Торым дегеніміз сексендер. Сексеннің өзі бірнеше аталыққа бөлінеді, соның бірі - Шақа екен. Ауызша жеткен әңгіме бойынша: Көбен деген кісіде бала болмаған. Керей деген кісі Көбеннің інісі Сұлтанғали дегеннің баласы. Көбен - сауатты, беделді адам болған, есепші болыпты-мыс. Қалың жылқыны қуып келе жатқанда аттан құлап өлген, содан сол жерге жерлеген делінеді.
Енді осыны өзімше талдап көрейін:
Біріншіден, бұл мола ескілікті құрылыс саналады. Жылқының қылы мен сүтін араластырып салған дейді. Олай салу үшін қанша жылқы және сүт керек? 1937 жылы ондай мола салатындай жағдай бар ма еді? Сол кездегі бізге белгілі байлардың бірі мың жылқы айдаған Рысмағамбет деген (төртқара-қасым-тәйірберлі-балта) кісінің өзі 1928 жылы кәмпескеге ұшырады.
Екіншіден, Көбен деген кісі 1900 жылы дүниеге келген адам болса, ол менің атаммен құрдас, замандас адам. Онымен қатар өмір сүрген адамдардың моласы қазіргі стильде, яғни күйдірілген кірпіштен салынған және олар туралы нақты мәліметтер бар. Құлыптастары жақсы сақталған. Ал, бұл кісінің өзінің құлыптасы қайда? Моласы ескі, ал құлыптасы жаңартылған. Демек, арабша жазудағы ескі құлыптасы қолды болған немесе, топырақ астында шөгіп, көмулі жатқан болуы мүмкін?
Үшіншіден, қаракісілердің моласында сексен аталығының жалғыз адамының сүйегі жатуы ақылға сия ма? Оның үрім-бұтағы, ағайындары қатар жерленбей ме? Түсініксіз жағдай.
Бұдан шығатын қорытынды: бұл молада жатқан мүрде өзге адам және ертеректе өмір сүрген атақты адам болуы мүмкін. Тасөткелде қаракісілерде байлар көп болған. Соның бірі - Смағұл Тасмырзаұлы деген қойлыбай-қаракісі. Ол заманында 100 аппақ нары бар және үйір-үйір жылқы айдаған бай болыпты. Оқыған, орысша сауатты, мектепте бала оқытқан делінеді. Сол репрессияның болатынын алдын-ала сезіп, артық малын елге таратып, аз малымен ауылдан сыңсу айтып көшкен екен. Содан Үргеніште тұрып, ел аяғы басылған соң, елге ораламыз деп көштің басын Тасөткелге бұрған, бірақ жол-жөнекей Қазалы маңында бір баласы қарақшының қолынан қаза тауып, сол жерге жерлеп, содан сол жерде тұрақтап қалған. Қазір ұрпағы сол жерде өсіп-өніп, тамыр жайған. Соның бір немересі Қуаныш деген ағамыз 2014 жылдың шамасында Ақтөбеге келіп ағайын-тумамен қауышып, молда Арыстан ағамыздың үйінде берілген үлкен садақаға қатысты. Сосын сол кісінің өтінішімен мен көлік тауып, оны арнайы Тасөткелге апарып қайттым. Ол атасы Смағұлдың қыстауы болды деген жерге барып, орнынан топырақ алды, атамекенге тәу етті. Көзіне жас алып, тебіренді. Ауылдың құдығынан су ішті. Сосын, ол Смағұл атасының әкесі Тасмырза мен атасы Көбентай деген адамдардың моласы болу керек, сол қайда болуы мүмкін деп іздеу салды. Сонда, Көбентау деген сөзді менен естіп, құлағы елеңдеп, әлгі қара молаға бардық. Ондағы құлыптастағы жазуды оқып, бұл басқа адам екен деп кері бұрылдық.
Меніңше, ол сол келгенінде қателеспеген сияқты. Ол сол КӨБЕНТАЙ деген кісінің мүрдесі болуы мүмкін. Оған сондай күмбезді мола тұрғызуға, оның баласы Тасмырзаның, немересі Смағұлдың құдыреті жетеді десек қателеспес едік. Қорым қаракісілердікі, іргесінде Смағұл байдың қыстауы тұр, ал оның ата-бабасы сонда қайда жерленуі мүмкін?..
Сол сапары Ақтөбеге қайтып келе жатқанымызда, жолшыбай Хромтау қаласына ат шалдырып, марқұм Алданыш әжемізге сәлем беруге ниеттендік. Сонда сол кісінің айтуы бойынша да қарамола қорымы қаракісілердің, оның ішінде қойлыбайлардың көне қорымы деген жауап алдық. "Мешіт" қорымы берігіректе пайда болған.
Қара моланың арғы басында "Қошалақ көлі" деген жер бар. Қошалақтан Сәдуақас, одан Роза деген қыз туады. Роза апай қазір Хромтауда тұрады.
Сайдың етегінде "Жаулыбайдың бұлағы" деген орын болған. Қазір орны жоқ, көзі бітелген. Бұлардың барлығы да қойлыбайлар. Енді, басқа қандай дәлел керек?
Көзі қарақты оқырмандарым, енді аржағын өздеріңіз сараптап көріңіздер!
Қара мола зерттеуді қажет етеді. Ол жерден табылған кітаптарды да музейге тапсыру ісі менің маңдайыма жазылыпты, бұл да кездейсоқтық емес шығар, алла-тағала жақсырақ білуші.
#рухани_жаңғыру.
Серік Әбдіжәми.
"Жанбалина Дәмегөй Жарылғасынқызы 1894 жылы туған. Қазалы жақтан келген. 1935 жылдан бастап Тасөткел колхозының тұрғыны".
Ескі блокнотта осылай деп жазылған, демек, отырықшылыққа осы кезден бастап орныққан болуы керек. Бұл тарих осы кісінің айтумен әрі қарай былай өрбиді:
"Тасөткел колхозы сиыр, өгізбен сабан айдаған. Шалдар үйретіп, жегіп берген, сонымен тары сеуіп, егін еккен. Бөгетсай жағынан Өталин Мырқы (Жансәуленің шалы Жарасбайдың әкесі) басқарма болды.
Басқармалар:
1941 жылы Сарманов Әділ - Қаракесек.
1942 жылы Серікбаев Шеген.
1942 жылдың күзінде Ұзақбаев Байзақ.
1942-43 жылы Бәйімбетов Сыбан.
1943 жылы Сарыбасов Жұмағали.
1944 жылы Қарағұлов Қожағұл.
1945 жылы Өталин Мырқы.
Колхозда соғыс уақытында жұмыс істеген әйелдер:
1. Үрбіш Тәжаяқова.
2. Бибіш Нұрымбетова.
3. Нағила Бабаханова.
4. Базар Тәжаяқова
5. Жұмагүл Жанбалина.
6. Алданыш Жүсіпова.
7. Нақила Сәрсенбаева - зв.ферма.
8. Сұлу Өмірбаева.
9. Жібек Нұрымбетова.
10. Тұрсын Төремұратова.
11. Айсұлу Жанаева.
12. Жаңылдық Қожабаева.
13. Ермек Серікбаева.
14. Разия Шыбынтаева.
Шөп шабуды Айбергенов Құдайберген, сабан айдауды Шотаев Жұмабек үйреткен. Соқа-саймандарды жөндеуге көмектескен.
1941-1945 жылдары райкомда секретар болып істеген И.Медеубаев деген кісі "Еңбек ардагері" деген атақ берген.
МТМ бастығы Калимуллин Ноғай. Бронмен алып қалған. Жалғыз комбайнды Есекенов Төбет айдайды. Төлеубаев Шүкімбай бригадир болды. Ол ауданға жаяу барып, құрал алып келеді арқасына таңып.
7 жылдық мектеп болды. Сабақ бергендер:
Нұркен Іскендір, Нәдір, Күнипа Арықпаева, Ғауһар Асатова, Баймахан, Ажар Көрғұлина, оның Айғаным деген сіңілісі болған.
Соғыстан бірінші болып елге Төлеубаев Жылгелді, Сарбас, Ізмағамбет (Әлтайдың әкесі) келді.
Ең бірінші қара қағаз Қошалақов Сәдуақастан келді.
1945 жылы Әбсадықтың ағасы Әбдісұлтан шешесі Құрақ сиырды жегіп, Қаракөлдің басынан Ақтастысайға қарай сиырмен алысып шаққа бара жатқанда баласы жолда арбаның астына түсіп қалып, содан бала кеміс болып қалған.
1937 жылы мектеп салынады. Жанбалин Мақаналы жерді қазып жатқанда күршек табылған. Оның ішінен адам суреті және бытыра, адамның асық жілігі мен ғауһар тас табылған. Оны прораб ноғайға берген. Ол оны алып кетіп қалған. Мектептің бүкіл пешін салған менің шалым еді.
Бригадир Төлеубаев Шүкімбай, комбайнер Есекенов Төбет, механик Пәтқұлла.
Қалимуллин Ноғай Ойылдан Берсиев Шығанақты іздеп барып, Әбдірахман дегенді ертіп келген. Ол көрсетіп, үйреткен, шығыршығын темірден ұстаға істетіп алып қалған. Қасында Иманалы деген інісі екеуі. Екі сабан айдадық. Айбергенов Құдайберген, Тәжаяқова Үрбіш және қызы Базар жер айдайды. Тәжаяқов Орынбасар тырмашы. Екі сабанда 12 өгіз алтыдан жегеді, тырмада 4 өгіз екіден жегеді. Соны баққан Нұрекеқызы Жұмагүл. Иманалин Дүйсеш екеуі бақты.
Өлкеден шығып құдық қаздық. Содан атыз істедік. Соған Руденко деген кәрі орыс келіп үйреткен. Оны Мақаналы үйреніп, сол қалғанына сол үйреткен. 10 гектарға тары септік. Тары себуді Мақаналы істеген. Содан 45 центнерден өнім алған. Ұзындығы 80 таяқ. Екі таяқ обощ еккен. Қауын-қарбыз, асқабақ, помидор, қияр еккен. Темекі еккен, редиска сепкен. Соның барлығы керемет шыққан.
1931-32 мешін жылы сол жаққа кеттік, тауық жылы Сырға қыстадық, ит жылы жаяулап-жалпылап арқаға құладық.
Стахановшылар қатарында:
Құдықсайдан Жиенғазин Ахмет;
Ақтастыдан Көшербаев Жабай;
Тасөткелден Жанбалина Дәмегөй.
1937 жылы детсадта болдым.
Жанбалина Дәмегөй - заведущий
Кәрібаева Шонық - көмекші.
Айбергенова Жауыз - нянка.
(Мынадай тізім бар, сірә балалардың есімдері сияқты)
:
1. Айбергенова Жарбол.
2. *** Шарипа.
3. *** Рая
4. Қошалақова Зейнеп.
5. *** Зейнет.
6. Есенкелдин Есіркеп.
7. *** Мүсіркеп.
8. Иманалин Бейсенбі.
9. *** Жарылқаған.
10. Қазтуған.
11. Кәрібаева Байдрахман.
12. *** Ермек.
13. Баймаханова Тұрсын.
14. Махамбетова Шәмшә.
15. *** Шарапат.
16. Маханалина Апуза.
17. *** Аяған.
18. *** Рахат.
19. Айтішев Мұқатай.
20. Айтішева Қатира
21. Құрақбаева Мерей.
22. *** Мария.
23. Шегенов Мұханбетжан.
24. Шегенова Нахай.
25. Балапанова Апуза.
1942 жылы қыста қаңғып кетіп, отын-суы жоқ 5 семьяны қолыма алып бақтым. Құрақбай дегеннің әйелі екі баласымен, Нұрымбетова Бибіт деген әйел қаңғып қалған, Құдайбергеннің әйелі екі баласымен (бір ұл, бір қыз), Әйтішбаев Жаулыбай дегеннің әйелі ауыру 14-15 тегі баласы бар, Тақыш дегеннің әйелі және баласы Арыстан. Соларды бес жыл бақтым, боғын жудым, қолымда болды.
Қысқаша осындай мәліметтерді теріп жаздым. Ескі блокноттан нашар жазылған жазуды түсініп жазу өте қиындық тудырды.
Блокноттың иесі: Нұрқасым Саудин.
Жазып алған: Серік Әбдіжәми.
02.05.2021 жыл.
Бағымбай Төлеубайұлы (1906 - 29.12.1985 ж.ж.) - қыстауы: кішіқұм, жайлауы: Тасөткелдің Молотов деген жері болған. Отырықшылық басталған сәтте сол жайлауды мекендеп тұрған. Бұл жайлау Тасөткел ауылының он екі колхозының бірі. Шыққан тегі: Төртқара - Қараш - Ақпан - Шынтас (ақкиіз). Оның ішінде: Жанғана - Жарылғас - Ізбас - Едіге - Нарымбет - Төлеубай.
Төлеубайдан төрт бала: екі қыз, екі ұл тарайды.
1.Майқан. Жұмағалидің кемпірі. Бала жоқ.
2.Нұрғали - Сабанбай, Сабанғали, Аманғали.
3.Бағымбай - Қуантқан апай, Шолпан, Айман, Толағай, Құралай.
4.Алтынзер. Оның Қалжан және Салтан деген екі қызы бар.
Бағымбай Төлеубайұлы 1942 жылы соғысқа Орский қаласынан алынады, ал ағасы Нұрғали ауылда жүргендіктен Қарабұтақтан алынады. Екеуі екі бөлек соғысқа алынып, бір-бірін жол-жөнекей соғыста ғана бір рет жолыққан екен. Содан кейін, Нұрғали соғыстан оралмаған, үйіне қарақағаз келіпті, ал Бағымбай пленге түсіп, соғыс аяқталған соң аман-сау елге оралған. Мынадай қызықты дерек бар: соғыс біткен соң, плендегі тұтқындарды екі жақ бөліп алыпты. Сонда, Бағымбай бергі бетте Кеңестер жағында қалып, ал ауылдасы әрі тумалары Рақымжан мен Жемісалы Герман жағында қалған. Бас еріктері жоқ, ештеңе де айта алмаған. Олар тірі болса оралатын шығар деп үміттенген, бірақ сол бойы хабарсыз кеткен. Сонда қараңыз, олар соғыс аяқталған кезде тірі болған. Қазір ойласақ, ол аталарымыздың тағдыры қалай аяқталды екен, иманды болсын?!
Бағымбай атамыз соғыстың алдында табыс табу мақсатында, Тасөткелден Жаманқалаға барған, сосын сол жерден соғысқа алынған. Соғыстан оралған соң, Жаманқалада тұрыпты. Сол жерден Жайықтың бойында өскен Жағалбайлының Жәдігер руының Назтай (1932-2012 ж.ж.) деген қызына үйленген. Ол Айтмағамбет хазіреттің қызы екен. Діндар болған. 1937 жылы 10 октябрьде қожа-молдаларды жазалау кезінде Орынбор жеріне апарып, төрт адамның бірі ретінде атып тастаған. Кейін, 1986 жылы ақталып, оған ескерткіш тақта қойылыпты. Ол жерде: Акбауов Айтмухамбет деп 62 қатарлы болып жазылыпты. Братский могиланы табуға себепкер болған орыс зерттеушісі Мойсеев деген кісі екен.
Бағымбай атамыз өте момақан, бірақ ірі, төртбақ келген қара торы кісі болыпты. Дініне берік болған, бірақ намаз оқи алмадым, құран оқыдым дейді екен. Оразаны өмірінің соңына дейін ұстап кеткен. Жаманқалада 1962 жылға дейін қоныстанып, жасы ұлғайған соң, қорымға жақын отырайын деп, Тасөткелге көшіп келіпті. Бұл да қазіргі ұрпақ үшін үлгі іс.
Бағымбай атамыз соғыстан кейінгі жылдары өзінің өткен өмірін еске алғанда үнемі неміс халқын мақтап отыратын болыпты. Тұтқында жүргенде жұмыс істетеді екен, сонда өзіне бөліп берген жұмысты тындырып берсе, артық жұмысқа салмайтын болған және еңбегіне, тәртібіне қарай тамақтарын да әділ беріп отырған. Ал, тентектік істеп немесе жұмыс істемесең ұрады дейді. Тұтқындар арасында намаз оқитындар болған, оларға тыйым салмаған. Ал, орыстар жағында мұндай кеңшіліктің бірі де болмапты.
Бағымбай атамыз жауына қарсы оқ атқан адам болмапты, сондағы түсінігі: түбінде өлеміз ғой, өлсем де мойныма адамның қанын жүктемейін деп ойлайтын болыпты. Соғыс уақытында аш жүреді. Сонда шошқа етін берсе: тамақтың тек картобын ғана жеп, етін ысырып тастайды, онда да: аштан өлсем де, арам ет жеп күнәлі болмайын дейтін түсінікте болыпты.
Соғыста Украина, Чехославакия жерінде болған. Бірде бір деревня маңында шекаралық аймақ болса керек, жол бойында снаряд түсіп, бір үлкен құнан өгіз жан тәсілім болыпты. Соны көрген бұлар жалма-жан жүгіріп, бауыздап, солдаттар болып жабылып, сүйрелеп бір үйдің ауласына кіргізіп, бұтарлап, сол ауылдың аш-арық тұрғындарына таратып тойындырыпты және өздері де жеген екен. Сол кезде, сол үйде бір орыс келіншек ай-күні жетіп, босанып жатыпты, ол да ет жеп, риза болған. Атамыздың арқасынан қағып, риза болып "пан-пан" деген. Украиндықтар өте қонақжай болған, ішер асын солдаттармен бөлісіп отырған, ал поляктар ондай халық емес, нашар болыпты. Біздің жеңіске жетуімізге партизандар көп көмек қылды дейді екен, немістер олардан өлердей қорыққан.
Бағымбай атаның төрт қыз, жалғыз ұлы бар. Ұлы Толағайды түсінде аян көріп, баласына биік таудың атын қойған. Сол таудың басында ай тұрды, айдың бетін бұлт басып бұжыр болып тұрды, содан мына баланың бетінде де сондай қара дақтар бар деп, күлдіреді екен, негізінде баласы өзінен ауымайтын болған, ал қыздары шешесі Назтай әжеге тартқан ақ-сары кісілер.
Міне, бұл да бір адамның өмір тарихы.
Өмір деректі атаның үлкен қызы Қуантқан (1953 ж.туған) апайдың аузынан жазып алдым.
Серік Әбдіжәми.
01.02.2021 ж.
Сағынай сұпы және оның ұрпақтары туралы.
Сағынай сұпы - діни сауаты жетік, бай кісі болған. Туған-қайтқан жылдары белгісіз.
Шыққан тегі: Төртқара - Жаншүкір - Қасым - Кенжеғара - Есен, Қарабас (бұлар бәйбішеден), Абыл, Тәйірберлі, Қойлыбай, Игібай.
Есеннен 4 бала - Шіңгір, Шнекей, Мамырбай, Жанбай.
1. Шіңгір - Босқын, Самұрат.
2. Шнекей - бала жоқ.
3. Мамырбай - Бозғұлан, Зәмзе.
4. Жанбай - Дәмегөй (Балапанның кемпірі).
Босқыннан 4 бала - Байсау, Сарбас, Бұйрабас, Мойнақ.
Байсаудан 4 бала - Игілік, Шекербай, Жылтыр, Қартабай.
1. Игіліктен 3 бала - Дүйсебай, Дәуітбай, Қатбабай.
А). Дүйсебай - Сағынай, Құлбас.
1.1.Сағынай - Смағұл, Мария (Торғайдың кемпірі).
Смағұл - Елемес (т.ж.б - 1952 ж.), Зинолла (1916- 1997 ж.ж.), Сағидолла (1928 - 1932 ж.ж.).
Елемес - Амангелді.
Зинолла - Аман, Ақбота, Амантай, Самат.
#Ескерту: Амантай - Смағұл атасының бауырында өскендіктен өзін Зинолланың інісі есеп санайды екен.
1.2. Құлбас - бала жоқ.
Ә). Дәуітбай - Белгібай, Жауыпбай.
2.1. Белгібай - Баярстан - Қасай, Серік.
Қасай - Ораз.
2.2. Жауыпбай - бала жоқ.
Б). Қатбабай - бала жоқ.
2. Шекербай - Кнәзбай, Жібек, Іздә, Абдолла.
2.1. Іздә - Таңатар - Жақсылық.
2.2. Абдолла - Асылтай.
3. Жылтыр - Құлнияз, Көдебай.
3.1. Көдебай - Жұмағали, Жарасбай.
Жұмағали - Қият - Ерлан, Нұрлан.
Жарасбай - Орынбасар, Рәт.
Орынбасар - Мұрат.
Рәт - Марат - Қанат..
4. Қартабай - бала жоқ.
Сағынайдың мекені - Тасөткел ауылы. Тасөткелде Шәмпік деген жерде Сағынай базы деген жер бар. Сол жерде қоныстанып отырған. Шамамен 1928 - 1937 жылдар шамасында (нақтысы белгісіз) қыспаққа түсетінін сезіп, баласы Смағұл мен келіні Ақалтын екеуін Жаманқалаға жібереді. Сенен маған топырақ бұйырмайды, ел аяғы басылғасын келерсің дейді де өзі елде қалады. Олардың екі баласы Елемес пен Смағұл, яғни немерелері қолында қалады. Ал, үшінші бала әке-шешесінің қасында болады. Бірақ, Смағұлдың Ақалтын әйелі мен баласы Сағидолла Жаманқалада пойыздың астына түсіп опат болған. Ақалтынның лақап аты - Төре деп аталған. Яғни, оның ол есімі оның елге сыйлы әйел болғанын білдіреді. Ол 14 бала көтерген, алайда ішінде аман қалғаны екі бала екен. Олар: Елемес пен Зинолла. Смағұл атамыз кейін Разия (1902 - 1981 ж.ж.) деген екінші әйел алған, бірақ одан бала жоқ. Көне Дамбар деген жердің қызы, руы - құлтас.
Сағынай сұпының көріпкелдік қабілеті болған. Ол өлерінің алдында үлкен немересін күтіп жатыпты. Содан айтатын көрінеді: менің құлағыма бір дүбір естіледі, қарашы, келе жатқан Елемес пе екен деп, сол кездері Елемес Тасөткел жаққа шаруамен кеткен болуы керек. Үйдегілер ешкім көрінбейді дейтін көрінеді. Бір кезде тағы да құлағыма дүбір естіледі, қараңдаршы дейді. Қараса, шынымен бір қарайған жалғыз адамның сұлбасы көрінеді. Сонда Сағынай сұпы кемпіріне шай қойдырып, екі немересін қасына отырғызып, өсиет сөздерін айтып, қоштасып, өз иманын өзі үйіріп: мен болдым, менен қорықпаңдар, бетімді жауып, ағайындарға хабар беріңдер деп, жүріп кете берген екен деседі. Қазір сүйегі сол өзінің қоныстанған өлкесінде қорымда жатыр.
Елемес - техниканы керемет меңгерген кісі болыпты, техниканың ақауын жүріп келе жатқан даусынан-ақ айыратын болған, содан броньмен соғысқа бармай қалған, ал інісі Зинолла соғысқа 1941 жылы алынып, 1943 жылы сол аяғынан оқ тиіп, жараланып елге оралған. Госпитальда жарақатын емдеу кезінде тобығының маңында тамырдың астында оқ болған, бірақ оны алмаған, тамырына зақым келеді деп. Сол оқ өле өлгенше өзімен бірге жүрген және қайтыс болғанда солай жерленген. Немерелеріне көрсетіп отыратын болыпты.
Зинолла атамыз соғысқа алынбас бұрын Алматыда "дорожный мастер" оқуын оқып, мамандық алған екен. Соғыстан оралған соң алған біліміне сәйкес жол салу құрылысына қатысып, 1962 жылға дейін Бөгетсай ауылында тұрыпты. Елемес 1952 жылы қайтыс болған соң, Смағұл әкесі жалғыз ұл Зинолланың соңына еріп, бірге тұрған. Содан, мен қартайдым, ағайынның арасына баруым керек деп, баласына ақыл айтып, Тасөткелге қайтып көшіп келген. Зинолла атаның өзі де ұзақ өмір сүріп, 81 жасында дүниеден озған. Денсаулығы мықты болған, дәрігерге қаралу дегенді білмеген. Өлер шағы келгенде: аяғыма қара дақ түсті, менің нағашымда да осылай болған еді, енді көпке ұзамаймын деп сәуегейлік танытқан, айтқаны дәл келген, бас-аяғы 20 күннің шамасында дүниеден озыпты.
Бұл естеліктің барлығын Зинолла атаның үлкен ұлы, қазір қазыналы қарт болып отырған Аман ағай (1954 ж.туған) айтып берді. Ол қазір зейнеткер, кенже баласының қолында тұрады. Ол өзінің әкесі туралы еске алғанда, оның кейбір өсиет сөздерін былайша еске алды. Әкем айтушы еді: ас ішіліп болып, бата жасалатын кезде "сен қайтар, мен қайтар!" дегенге жеткізбе, айтылды ма, бірден қолыңды жайып, асыңды қайыр, егер дастарханның бұрышында отырып қалған болсаң, қайырып қой деген. Сосын, шын ықыласпен айтылған бата-тілек қабыл болады деп есептеген. Сол секілді, құранды оқығанда да шын ықыласпен оқысаң, өз білген сауатыңмен оқудан жасқанба дейтін болған. Құран оқитын сәтте бас киімсіз отырған болсаң да, бас киім іздеп әуре болма, өйткені, құдайды алдай алмайсың" деген. Құранның қандай сүресін қандай дәрежесінде оқысаң да шын ықыласпен оқуға кеңес берген.
Фотода: Зинолла атаның бейнесі мен құжаттары және марапаттары ұсынылған.
Естелік әңгімені тыңдап, жинақтап, қағаз бетіне түсірген - Серік Әбдіжәми.
Ақтөбе қаласы. 05.02.2021 жыл.
Туған ауылым-Тасөткелім❤❤❤❤❤❤❤❤
Біздің Тасөткелде ерекше адамдар көп болған, бірақ кейінгі ұрпақ көп біле бермейді. Солардың бірі - Құлынтай бай туралы аз-мұз мәлімет бергім келіп отыр.
Құлынтай Бесбатырұлы (1890-1934 ж.ж.) - орташа бай болған. Руы Төртқара-қаракісі-байрақ. Үйтастың бергі жағында Құлынтай базы деген жер жаз жайлауы болған. Оның Сағи (1914-1982 ж.ж) деген баласы бар. Жарты патша Дербісәлімен құда болған. Кәмпескенің уақытында қорқып, оның қызын төркініне қайтарып, ал баласы Сағидың фамилиясын өзгертіп, жамағайыны Төлеу деген кісінің ата-тегіне "Темірқұлов" деп өзгерткен дейді. Сосын орыстардың арасына сіңіп, жоқ болып кетсін деген оймен Орский қаласына жібереді.
Құлынтай - культурный бай болған. Дүкен ұстаған. Орыс-татарлармен көп араласқан. Төрт ат жегетін пәуеске арбасы, Бөтенбай деген атқосшысы болған. Сол кездегі қазақтар оның шаруашылығын "Құлынтайский капратип" дейтін болған.
Сағи 1937 жылы әскерге алынады, содан елге оралатын кезде Фин соғысы басталып кетіп, содан елге 1955 жылы Хрущевтің шығарған заңына сәйкес отставка алып, запастағы полковник шенімен оралады. Содан Қызылордада қызмет істеген. Сосын Хрущев сол кезде Батыс Қазақстандағы облыстарды бір край етеміз, орталығы Ақтөбе болады деген соң Сағи осында көшеді. Әскерде жүргенде Софья деген татар қызға үйленіп, одан бір ұл, екі қыз сүйеді. Олар: Роза (1949), Дина (1951), Ғалым (1961). Бұлардың барлығы да орысқол адамдар болып кеткен. Ғалым астанада тұрады.
Құлынтайдың Сара деген қызы болған. Сонымен қаракісінің қарабас аталығынан шыққан Тағыберген Бітімбаев деген жігіт сөз байласқан. Тағыберген ән айтып, өлең шығаратын сері жігіт болыпты. Өнерлі жігіт байдың қызымен сөйлесіп жүреді. Содан қызды алып қашпақ болып, ағайындарынан ат-көлік сұрайды. Оған ағайындары Құлынтайдың атағынан қорқып, жәрдемдеспепті. Содан қызды жаяу алып қашқан дейді, бірақ ұзаққа кете алмай, бір көбенің (үйілген шөп) аясында демалып жатқанда қыз жақтан қуғыншылар жетіп, "қызды беретін болды" деп алдап-сулап елге апарады. Сосын, қызды алып қалып, Тағыбергенді сабап-қуып жібереді. Жігіт ағайын-тумасына ат-көлік бермегені үшін ренжіп елден кетіп қалып, шығыс Қазақстан жақтағы Зайсан деген жерде әскерде болыпты. Одан елге подполковник шенімен оралып, Қарабұтақта тұрған. Татар әйелі, екі ұл, бір қызы бар.
Келгеннен кейін де музыкадан сабақ беріп, барлық аспаптардың шебер орындаушысы болған. Сексен жасқа дейін өмір сүрген. Тіп-тік, ажарлы кісі дейді. Әскери киімін кигенде сыптай болады екен. Ол елге келгеннен кейін де әлгі жас кезіндегі ғашығын іздеп тапқан. Ол Сара қыз Ырғыз өңірінде тұрады екен. Тұрмыс құрған, үйлі-баранды адам. Бірақ, соған қарамастан күйеуінен айырып алып, үйленемін деп қиғылық салған, бірақ Сара оған басу айтып, әрең қойдырған. Сонда олардың жасы алпысты алқымдап қалған кезі дейді. Неткен махаббат десеңізші!
Тағыберген Бітімбаев сексенге келіп қайтыс болған, қазір оның атында Қарабұтақта музыка мектебі бар.
Мінекей, бір әулеттің тарихы қолда бар мәліметпен осылай өрбіді.
Әңгімелеп берген: Жақсылық Санаев және Тағыберген Талапбаев.
30.12.2020 жыл.
Жазып алған, мен - Серік Әбдіжәми.
Тасөткел - тарихын тереңге бүгіп жатқан киелі жер. Ауыл аумағында ескі қорымдар көп. Осылардың кейбірінен құмыра, әртүрлі зергерлік құнды бұйымдар табылған. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл жерде, есте жоқ ерте заманда "Бай қорғаны" деген жұрт болған деседі. Анығын Алла біледі.
Ауылдың іргесінен Жоса өзені ағып жатыр, соның жағасында бір биік төбенің басында қарамола бар. Оны жергілікті жұрт "Көбен тау" немесе "Қара мола қорымы" деп атайды. Олай қосарлап атауының өзіндік сыры бар. Бұл қабірде Көбен есімді бір ер адам аттан құлап өлген екен, сосын осында жерлеген дейді. Молаға қойылған құлыптас берігіректе жасалған сияқты. Жалпы, тереңірек зерттеуді қажет етеді. Енді, осы моланың іргесінің мүжіліп, сөгілген тұсынан құран кітабы табылды. Оны бірақ, халық киесінен қорқып, қозғамай отыр. Мен де барып, фото-видео жасаған едім, бірақ видеоға ілінбепті, сірә бір құдыреті бар шығар деген ойға келдім.
Мұны жазудағы мақсатым, мәдениет басқармасы мен діни басқарманың назарын аударып, зерттеу жұмыстарын қолға алса деген ниет еді, әйтпесе, құран кітап жаңбыр мен қар суынан бүлініп қала ма деген қорқынышым бар. Бұдан бөлек бұл ауылда Алашбай ишан бастап ұстаған қаракісілер мешітінің орны да бар. Ол 1928 жылы қиратылған.
Төртқараның Қаракісі Бесбайынан тарайтын Кенжебай деген ағайыммен танысып, үйінде қонақта болдым. Содан ағамыз өзінің өмір тарихынан сыр шертіп, аталары туралы біраз мағлұмат берді. Кейінгі буын ұрпаққа тәлім болар бір мағлұматтар кезіксе, пайдасына жарап қалар деген оймен баяндағалы отырмын.
Ережепов Кенжебай Ережепұлы 1953 жылы Арал ауданы, Қасқақұлан ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ата-тегіне тоқталсақ:
Бесбай > Күшік, Мұрт.
Күшік > Бәйтерек, Бәйбек, Сүйен.
Бәйтерек > Табылды, Құлтас, Қойтас.
Табылды > Малмақ, Отыншы, Амантай.
Малмақ > Қосан, Жаншора, Жиеншора.
Жаншора > Ережеп, Үдер, Теңізбай.
Жаншора деген кісінің қай жылдары өмір сүргені және қайда жерленгені белгісіз, үлкендердің айтуынша Тесік деген жерде жерленген делінеді.
Жаншора атамыз мұсылманша оқыған, сұпылық дәрежесі болған екен, ол заманда біздің аталарымыз сыр бойын қыстап, жазда қырға шығатын болған. Жаншора атамыз қайтқанда, түйеге теңдеп сыр бойындағы Тесік деген қорымға жерлепті, ту қырдан сыр бойына әкеліп жерлеуіне қарағанда атамыз құр адам болмаған сыңайлы. Ал, кемпірі Балқаш 1860-1939 ж.ж. өмір сүрген және Қасқақұлан деген жерде жерленген.
Жаншораның үлкен ұлы Ережеп шаруаның адамы болған. Шектіден тарайтын Асанның Көбегінен шыққан Бақыш деген байдың қарауында болған дейді, яғни әлгі байдың балдызы екен. Жездесінің малын баққан соң өзі де күйлі тұрған секілді. Совет заманы орнаған соң Ережеп колхоздың малын бағып, қарапайым тіршілік кешкен.
Ережеп екі әйел алған кісі. Бәйбішесі Меңкей есімді әжеміз, елге сыйлы, адуынды адам болған. Ауылы оны "Княз" деп атаған. Төртқараның Сексен, Тайжер деген руынан шыққан Сырымбет деген кісінің қызы екен дейді. Сырымбеттің балалары көп болған, өсіп-өнген ұрпақ екен. Оның Әлмағамбет, Есмахан, Аймахан, Баймахан, Дүйсенбай, Жұмағұл есімді ер балалары мен тағы да қыздары болған. Сол Әлмағамбет 1930 жылы Асан көтерілісіне қатысып, оққа ұшқан. Сүйегін алуға қызыл әскер рұқсат бермеген екен, Дүйсенбай деген інісі әйел болып киініп, түнделетіп, сүйекті ұрлап алып шығып, жасырын жерлеген дейді. Содан әйелі Ибаш күн көруі нашар болған соң, әрі жаудың баласы деп күн бермей жүрер деп қорқып, Жадыбай деген үш айлық қызды Қазалы жақтан келіп, теңізден өтіп, Қасқақұланда отырған Ережеп пен Меңкейдің (апасы) қолына әкеліп: "еті де, сүйегі де сенікі" деп, тапсырып кеткен. Сөйтіп, Жадыбай деген қыз Әлмағамбеттің апа-жездесінің қолында сол үйдің қызы болып бойжетіп, сол үйден ұзатылып, сол шаңыраққа сіңіп кеткен.
Меңкей әжеміз бала көтермеген. Бірде Ережеп шаруадан келіп, әйелінен сусын сұраған. Ол кезде қымыран, шұбат тағы да басқа сусындарға сүт немесе су қосып, тұшытып беретін болған. Сол күні Меңкей әжеміз аңдамай қымыранды солайымен ұсына салыпты. Ережептің өңешін қырнап, өзегін өртеп жібереді. Содан, ашуға бой беріп, әйеліне қол тигізген екен. Әжеміз азаланып, мені бала таппады деп ұрды деп ойлап, "Бегім ана" күмбезіне барып, бала сұрап түнеген. Түсінде Бегім ана: ей, бейшара, тағы да келдің бе, мен саған өз етегіңнен бере алмаймын деген жоқпын ба деп, бір әшекей заттарды шашып жіберіпті дейді. Содан әжеміз ойланып, күйеуіне кіші әйел (тоқал) алуға рұқсат етіпті. Алайда, Ережеп бірнеше әйел алса да, бәйбішесіне жақпай, тұрақтамаған. Соңында, Марияш деген әйел бәйбішенің көңілінен шығып, екеуі апалы-сіңлідей сыйластығы жарасып, майдай жаққан. Сол Марияш анамыз бен Меңкей әжеміздің баурайынан: Ниязбай (ерте қайтыс болған), Шамшырақ, Жадыбай (жоғарыда тарихы айтылды), Ақжарқын, Байұзақ, Гүлмараш, Ұзақ-Кенжебай (егіз) деген балалар тәрбиеленген. Ұзақ бәйбішенің баласы, Кенжебай тоқалдың баласы болып өсіпті.
Ережептің інісі Үдерден Өмірзақ, Салтанат, Өтеген деген екі ұл, бір қыз дүниеге келген.
Екінші інісі Теңізбай Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғын беріп келген. Оның Жанұзақ, Базар, Ажар, Төлек, Қоңыр деген екі қыз, үш ұлы бар.
Ережеп 1884-1975 ж.ж., Үдер 1890-1969 ж.ж., Теңізбай 1900-1972 ж.ж. өмір сүрген адамдар.
Қазір осы үш кісіден тараған ұрпақтардың көбісі Ережеп атамыздың атымен ата-тегін жаздырған көрінеді.
Марияш анамыз егіз баласын туғанда Ережеп әкелері 68 жаста болған. Меңкей әжеміз 1890-шы жылы туып, 1961-жылы Қасқақұланда қайтыс болған, сонда жерленген. Марияш анамыз 1910-шы жылы туып, 1983-ші жылы қайтыс болған, Ережеп шалының қасында жерленген.
Үдер - Қасқақұланда жерленген, Теңізбай - Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылында Жетім Толыбай қорымында жерленген.
"Ережеп әкем, мені 1975-ші жылдың сентябрьдің сегізінде батасын беріп, сол кездегі Гурьев облысы, Мақат локомотив депосына өндірістік практикаға шығарып салған, мен кеткеннен соң 13 күннен кейін, тұрып-жүріп, ауырмай-сырқамай қайтыс болып, Қазалыдағы қорымға қойыпты", - деп, баласы Кенжебай аға еске алды.
Ережептің қара шаңырағында қазір бәйбішенің баласы Ұзақ ағай отыр. Қазалыда үбірлі-шүбірлі отбасы.
Естелік беруші: Кенжебай аға, тыңдап-жазып алған: мен, Серік Әбдіжәми.
30.04.2021 жыл.
Ағайын бауырлардың ауыз біршілігінен айырмасын
Тасөткел ауылынан соғысқа аттанған солдаттар тізімі
1. АДАЕВ НАҒАШЫБАЙ
2. АЙБЕРГЕНОВ ЖАНАЛЫ
3. АЙТЖАНОВ СЫДЫҚ
4. АҚНАЗАРОВ КӘРИМОЛДА
5. АҚСЕЙТОВ АРЫСТАНБАЙ
6. АЛМАҒАМБЕТОВ БАЛАБАЙ
7. АЛМАҒАНБЕТОВ БИСЕН
8. АМАНГЕЛДИН МУЛЫҚ
9. АМИРОВ АСАНХАН
10. АРТЫҚБАЕВ ТІЛЕУЖАН
11. АРЫКБАЕВ САҒЫНТАЙ
12. АСАБАЕВ ІЗБАСАР
13. АХМЕТОВ СӘТІМ
14. ӘБДІРОВ МЕДЕУЖАН
15. ӘБІЛОВ ТӨЛЕГЕН
16. ӘДІЛОВ СМАҒҰЛ
17. ӘЖІБАҚОВ САҚИ
18. ӘМІРОВ ІДІРІС
19. БАЖИРОВ БИСЕНБЕК
20. БАЙДИЛДИН ҚУАНДЫҚ
21. БАЙМЕНОВ РАҚЫМЖАН
22. БАЙСЕРКИН ӘЛМҰРАТ - 1909-1942 ж.ж. Ленинградская обл., с.Лычково.
23. БАЙСЕРКИН САМҰРАТ
24. БАЙЫМБЕТОВ НҰРТУҒАН
25. БАЛТЫҚБАЕВ МЕРАЛЫ
26. БАРЛЫҚОВ ОРЫНХАН
27. БАСАРОВ ДОСМАҒАНБЕТ
28. БАСАРОВ ІЗБАС - 1918-1942 ж.ж. Ленинградская обл., д.Кипино.
29. БЕРДІБАЕВ БЕКМЫРЗА
30. БЕРДІБАЕВ МЕКТЕПБЕРГЕН
31. БИЖАНОВ ХАСЕН
32. БИСЕНАЛИН ӘЛІМЖАН
33. БИСЕНАЛИН ҚОШҚЫЛБАЙ
34. БИСЕНОВ ЕСЕТ
35. БИСЕНОВ ЖЕТКЕРГЕН
36. БИСЕНОВ НАУРЫЗҒАЛИ
37. БІРМАНОВ АЙМАҒАНБЕТ
38. БОДЫҚОВ КЕУЛІМЖАЙ
39. БОҚАЕВ ҚАПА - 1914-1942 ж.ж. хабар-ошарсыз.
40. БӨТЕЕВ НАБАТ
41. БӨГЕНБАЕВ БЕРДІ
42. БҮРКІТБАЕВ БАҚБЕРГЕН
43. ДОСМАҒАНБЕТОВ ЖҰМАҒАЛИ
44. ДҮКЕНБАЕВ ҚҰЛАНБАЙ
45. ЕГІЗБАЕВ БАЙМҰХАН
46. ЕЛЕУСІЗОВ ӘБДІРАХМАН
47. ЕРЖАНОВ НҰҒЫМАН
48. ЕРМЕКБАЕВ БЕЙІМБЕТ
49. ЕСЕНОВ ЕРҒАЛИ
50. ЕСІРКЕПОВ МЕШІТБАЙ
51. ЕСМУРЗИН ЖОЛДАС
52. ӘШІРБЕКОВ СЕЙДАЛЫ
53. ЖАМАНКИН ХАСЕН
54. ЖАМАНСАРИН ТІЛЕУЛЕС
55. ЖАНАЕВ БЕЙСЕН
56. ЖАНАЕВ ЖҮСІП
57. ЖАНАЕВ ЖҰМАБАЙ
58. ЖАНАЕВ САНАЙ
59. ЖАНАЕВ САЛМАҒАМБЕТ
60. ЖАНЕТОВ АБДОЛЛА
61. ЖАНСЕЙТОВ БИСЕНБІ
62. ЖАУАППАЕВ НҰРМҰХАНБЕТ
63. ЖАУПАЕВ САРЫ
64. ЖЕЗДІБАЕВ БАЙМЫРЗА
65. ЖЕТПІСОВ САЛИМГЕРЕЙ
66. ЖИЕНБАЕВ КЕНЖЕБАЙ
67. ЖИЕНБАЕВ КЕНЖЕҒҰЛ
68. ЖИЕНБАЕВ ТАҒЫБЕРГЕН
69. ЖИЕНБАЕВ ШКОЛ
70. ЖІБЕКОВ ӘЛІБЕК
71. ЖОЛДАСОВ АЙБОЛЫС
72. ЖОЛЫМБЕТОВ САҒЫНТАЙ
73. ЖҮСІПОВ ҚҰЛЫНТАЙ
74. ЖҮСІПОВ ҚҰРМАН
75. ЖҰМАБЕКОВ СЫРЛЫБАЙ
76. ЖҰМЫРТАЕВ ӘБЕН
77. ИЖАНОВ ҚҰТТЫМҰРАТ
78. ИЗТАЕВ АМАНЖОЛ
79. ИЛЬЯСОВ ТАКЕН
80. ИЛЯСОВ МҰСА
81. ИТЕСОВ ОРАЗБАЙ
82. ИТЕСОВ СЕЙІЛХАН
83. ІБАНОВ БАЙТІЛЕС
84. ІЗДІҚОВ ТӨЛЕШ
85. ІЗІМБЕТОВ БАҚЫРАДИН
86. ІЗІМБЕТОВ ҚҰЛАМАН
87. ІЗІМБЕТОВ ШАМШАДИН
88. ІЗІМОВ ӘНДІБЕК
89. ІЛИЯСОВ ӘЛИ
90. КОШКІНБАЕВ ТӨРЕБАЙ
91. КӨЛДІРБАЕВ ҚАРШЫҒА
92. КӨПЖАНОВ ӘУЕЗБАЙ
93. КӨПТІЛЕУОВ МЕДЕУБАЙ
94. КӨРТЕСОВ БАЛТӨРЕ
95. КӨШЕРБАЕВ ТАҒЫБЕРГЕН
96. КӨШКІНБАЕВ ТӨЛЕБАЙ - 1901-1944 ж.ж. Калининская обл., д.Быково
97. КУЛМУРЗИН МАКУ - 1898 - 1942 ж.ж. хабар-ошарсыз.
98. КҮНБАСОВ ИЗМАҒАМБЕТ
99. КУНЖАРИКОВ ОРЫНБАСАР
100. ҚАРАТАЕВ ЖАЛБАҚ
101. ҚАЛАЯҚОВ МҰРАТ
102. ҚАЛЫБАЕВ ДӘУЛЕТЖАН - 1924 ж.
103. ҚАРТБАЕВ АМАНЖОЛ
104. ҚАРТБАЕВ ОРАЗҒАЛИ
105. ҚАРЫМСАҚОВ НӘДІР - 1914-1942 ж.ж. хабар-ошарсыз.
106. ҚАРЫМСАҚОВ НӘДІРӘБІЛ
107. ҚАРЫМСАҚОВ ТІЛЕУҚАБЫЛ
108. ҚАСЫМОВ ШЫНАЛЫ
109. ҚАТПИН САҒЫНДЫҚ
110. КЕНЖАЛИН МЫРЗАҒАЛИ
111. ҚОЖАҒҰЛОВ ЖҮРСІН - 1909-1942 ж.ж. Орловская обл., д.Глинная.
112. ҚОЖАМҰРАТОВ Н.
113. ҚОЙАЙДАРОВ ІЗМАҒАМБЕТ
114. ҚОСАЕВ АЙТЖАН
115. ҚОСАНОВ НҰРҒАЛИ
116. ҚОШАЛАҚОВ СӘДУАҚАС - 1906-1942 ж.ж. хабар-ошарсыз.
117. ҚОШМЫРЗИН ШОЛПАН (әйел болуы мүмкін)
118. ҚУАТОВ ТӘУЕКЕЛ
119. ҚҰРАМЫСОВ У
120. ҚҰРЫМБЕТОВ А
121. ҚЫНАБАЕВ ТАҒЫБАЙ
122. ҚЫСЫРАУОВ ЖОЛДЫБАЙ
123. МАКАШОВ ІЗБАСҚАН
124. МАҚЫШОВ ЖОЛМАН
125. МАХАМБЕТОВ СЫРЛЫБАЙ
126. МАХАНБЕТОВ КЕНЖЕБАЙ
127. МЕКТЕПБЕРГЕНОВ М
128. МЕНТАЕВ БАҒАНАЛЫ
129. МЕНТАЕВ ИЛЬЯС
130. МЕНТАЕВ КЕНЖЕҒҰЛ
131. МОЛДАШЕВ ӘЖІБЕК
132. МОЛДАШЕВ САХИ
133. МОЛДИМАНОВ ОРАЗМАҒАНБЕТ
134. МОЛДИМАНОВ ТОЛЫҚБАЙ
135. МОЛЫБАЕВ ДИЫН
136. МҰСТАФИН ЖЕМСАЛЫ
137. МҰСТАФИН ҚАЗАНҚАП
138. МҰХАЕВ ҚАПА
139. МҰХАЕВ КЕШУТАЙ
140. НЕТАЛИН ПІРМАҒАНБЕТ
141. НҰРМҰХАНОВ РАХЫМ
142. НЫСАНАЛИН ДӘУЛЕТБАЙ
143. НЫСАНОВ ХАМЗЕ
144. ОРАЗБАЕВ ҚОЖАҒҰЛ
145. ОРАЗЫМБЕТОВ Б
146. ОРАЗЫМБЕТОВ БЕКМАҒАМБЕТ
147. ОРАЗЫМБЕТОВ РАҚАШ
148. ОРЫНБАСАРОВ ӨМІРБАЙ
149. ОТАРБАЕВ БАЙҚАДАМ
150. ӨМІРЗАҚОВ ҚУАНТАЙ
151. ӨМІРЗАҚОВ ҚҰТТЫБАЙ
152. ӨТАЛИН ЖАРАСБАЙ
153. ӨТАЛИН СЕРДАЛЫ
154. ӨТЕЖАНОВ ШУДАБАЙ
155. ӨТЕМІСОВ СҮЛЕЙМЕН
156. ПІРМАНОВ АЙДАРАЛЫ
157. РАҚАШОВ ИТЖЕМЕС
158. РАХИПОВ СМАҒҰЛ
159. РАХОВ СЕЙТЕН
160. РУСТЕМБЕКОВ БЕРДЕН
161. САҒЫНАЕВ ЗИНОЛЛА
162. САДЫҚОВ КЕУЛІМЖАН - 1924-1943 ж.ж. хабар-ошарсыз.
163. САИМОВ ӘМЕТ
164. САЙБЕРГЕНОВ ТӨРЕЖАН
165. САЙЫМОВ ЖҰМАҒАЛИ
166. САРБАСОВ МҰХАНБЕТҚАЛИ
167. САРИН ТОҚМАҒАНБЕТ
168. САРИН ШЕРЕМЕТ
169. САРСЕНБАЕВ ЖАНАЛЫ
170. САРСЕНБАЕВ ІЛИЯС
171. САРСЕНБАЕВ ҚАЛИ
172. САРСЕНБАЕВ ҚИЯС
173. САРСЕНБАЕВ СӘДУАҚАС
174. САРСЕНБАЕВ СӘТБАЙ
175. САРСЕНБАЕВ УӘЛИ - 1903-1944 ж.ж. д.Новое село.
176. САРСЕНҒАЛИЕВ ЖАҚСЫЛЫҚ
177. СИДАХМЕТОВ САҒЫМБАЙ
178. СҮЙІНАЛИН ҚАЛАҒАН
179. СҮЙІНГАРИН КЕЛДІБАЙ
180. СҮЛЕЙМЕНОВ ЖҰМАҒАЛИ - 1925-1943 ж.ж. Харков обл., с. Долгонькое.
181. ТАЙПЕТОВ ИМАНҚҰЛ
182. ТАНАЕВ ТӨЛЕГЕН
183. ТІЛЕУҚҰЛОВ ОРЫЛХАН
184. ТЛЕУОВ НАСИХА
185. ТЛЕУОВ ТӘҢІРБЕРГЕН
186. ТНАЕВ ҚАСЫМ
187. ТОҚАБАЕВ ӘБДІКӘРІМ
188. ТОҚАНОВ СЕРАЛЫ
189. ТӨЛЕБАЕВ ЖЫЛГЕЛДІ
190. ТӨЛЕКОВ КЕНЖЕБЕК
191. ТӨЛЕУБАЕВ БАҒЫМБАЙ
192. ТӨЛЕУБАЕВ НҰРҒАЛИ
193. ТӨРЕМҰРАТОВ ЕСЕНБАЙ
194. ТӨРЕМҰРАТОВ КЕМАЛ
195. ТРИН ҚОЖАБЕК - 1896-1942 ж.ж. Воронежская обл., д.Н.Ведуги.
196. ТҮЙЕШІБАЕВ БИСЕНБАЙ
197. ТҮЙЕШІБАЕВ ҚОНЫСБАЙ
198. ТУЙЕШІБАЕВ ТОЛЫСБАЙ
199. ТЫНЫШТЫҚБЕРГЕНОВ Б
200. УМБЕТАЛИН ИМАНАЛЫ
201. ҰЛМАҒАМБЕТОВ ДЕМЕУ - 1912 ж.
202. ШАҢҒЫТБАЕВ РЫЗДЫҚ
203. ШАРИПОВ БЕГАЛЫ
204. ШАУЛЫБАЕВ ЖЕКСЕНБАЙ
205. ШОРТАНБАЕВ ҚОНЫСБАЙ
206. ШӨРЕНОВ ӘЗБЕРГЕН
207. ШЫБЫНТАЕВ САРБАС
208. ЫБЫРАЕВ СЕРБАЙ
Өмірден өткен қилы тағдырлар бар. Олардың өмірбаяндары кейінгі ұрпақ үшін сабақ болады ғой деген ниетпен мен бір әулеттің тарихын қысқаша баяндап жазып көрейін.
Еласқан деген ағам бар. Толық аты-жөні: Елеусізов Еласқан Әбдірахманұлы. Туған жылы 1953 жыл. Рулас. Қойлыбай-Қаракісі. Қыз алыспайтын ағайын. Бірақ, бұл туысыммен берігіректе таныстым. Туып-өскен жері Жаманқаланың маңайындағы кіші-Құмақ деген жер екен. Мектепті орысша оқып, тәрбиеленіп, одан кейінгі кәсіби білімін де орысша алған. Қазақша білмей өскен. Әкеден 17 жасында қалған. Ағамыздың есімі неге Еласқан деп қойылған, енді соған тоқталайын.
Әбдірахман Елеусізов (1923-1970 ж.ж.) - Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданы, Тасөткел ауылының тумасы. Ұлы Отан соғысына (сол кездегі түсінікпен) алынып, басынан аяғына дейін қатысыпты. Өзі 1923 жылғы болса да, комсомол билетіне 1922 жылғы деп жаздырып, соғысқа аттанған. Ең жасы осы болған дейді. Сонда да үлкендермен қалыспай, қан майданға сапар шеккен. Алайда, соғыста бірнеше мәрте тұтқында болған. Украина жерінде өздерінің тілінде "котелға" түседі. Ол жерден тірі шығу мүмкін емес, қашса оққа ұшады. Тұтқындарға жұмыс істеткен, ат арбамен шошқаның тамағын таситын болыпты. Сондай бір айдауда келе жатып, үлкен өзеннің бойынан өтіп бара жатқанда бір кохол жігіт: ай, қазақ, сен жүзу білесің бе, мына көпірден секіріп, қашайық деп ақыл береді. Содан Әбдірахман атам да келісе кетеді. Сөйтіп, көпірден секіріп, суға түсіп, қамыс жағалап, бой тасалап үлгереді. Котелда мыңдаған тұтқынды бес-алты неміс солдаты қолдарында автомат, велосипедпен айдап келе жатқан, олар мұны қуып жетуге шамалары жетпей қалыпты. Содан екі қашқын өзен жағалап, бой тасалап жүріп, сайдың етегінде кір жуып отырған үш-төрт әйелге тап келеді. Әуелде, әйелдер қорқып кетеді де, кейін қашқындар екенін түсініп, сабасына келеді. Сол уақытта, солардың ішінде бір әйел сыған болған, бұларға болашақтарыңды болжап берейін деп, картаны әп-сәтте жайып жіберіп, әлгі екеуіне былай депті: сендер осы колоннаға қайтадан қолға түсесіңдер, кохолдың ажалы оқтан болады, көп өмір сүрмейді, ал мына қазақ жігіт соғыстан жарақатсыз аман-сау оралады, бірақ ажалы мал бағып жүргенде болады деп болжап беріпті. Сол сәуегей әйелдің айтқаны дәл келген. Бұлар көп ұзамай өздері қашқан айдауға қайта түседі, әлгі кохол жігіт оққа ұшып өледі, ал Әбдірахман атамыз дін-аман елге оралады. Бірақ, елге өзгелерден кейінірек оралған, әбден тексерулерден өткен, сірә айыбы жоқ болған соң жіберген болуы керек. Сөйтіп, Тасөткелге оралады. Елге оралған соң ел қатарлы жұмысқа араласып кетеді. Әбдірахман атамыздың өзі әкесінен ерте қалған, яғни жетім өскен дейді. Ол кезде елде жетім де, жесір де көп, соғыстан кейінгі ауылдың жағдайы белгілі. Ешкімнің қарны тоқ емес. Сол уақытта, үкіметтен қаулы болып, Ресейдің Свердлов деген қаласына ауылдан жұмысшылар бару керек болады. Ағаш кесу, дайындау үшін. Соған бір ауылдың шет жағында тұратын жесір келіншек Әбдірахманның шешесі Шонық әжемізге келіп (өздері құрдас болса керек): "Шонық-ау, сенің балаң соғыста болды, өмір көрді, орысша біледі, әрі сенің ұлыңнан бөлек қызың да бар алданыш болар, ал, менің жар дегенде жалғыз ұлым бар, оның өзі жарымес, ол танымайтын жерге барса арам өледі, менің сол баламның орнына сенің балаң барсыншы, мен күнде тілеуін тілеп отырайын" деп айтады екен. Содан Шонық әжем ойланады. Әбдірахман соғыстан келгелі бері "пленниктің үйі" деген атаққа іліккен, оның үстіне Әбдірахман атамыз бір ағаларының әйелінің сіңлісін (яғни, құдашасын) әйел етіп алған, сол үшін қайынжұртпен ауыз алалығы болған, соны ойлай келе Шонық әжеміз баласы Әбдірахманды Ресейге жіберуге шешім қабылдайды. Баласына айтады: сен сол жаққа бар, жұмыс істе, жағдайың жақсы болса, кейін мен де сенің артыңнан еріп барамын деп, батасын береді. Содан, Әбдірахман атамыз келіншегі Бейбіт әжемізді ертіп, Свердловскийге жол тартады. Барған кезде әуелде қорқып кетеді, жерсінбей жүреді. Қалың орман, биік ағаштар. Тамақтары қан деп жемепті. Сөйтсе, онысы борщ екен, кейін үйреніп кеттік дейтін көрінеді. Содан келісімді мерзімі аяқталғаннан кейін, темір жолдың бойын сағалап, Жаманқалаға тұрақтаған, сосын шешесін көшіріп алыпты.
Әбдірахман атамыз өте сауатты, тіл табысқыш, беделді болады. Помбригадир, учетчик, завсклад болып қызметтер атқарған. Әбдірахман атамның баласына Еласқан деп ат қоюының себебі осында екен. Бәлкім, ел-жұртты сағынған шығар. Қиын жағдай ғой, ойлап қараған адамға. Содан баласының үлкені Еласқан ағам мектеп бітірер жасқа келген соң оларды оқыту керек деген оймен (ол кезде мал баққан адамның табысы көп болған) мал бағуға шыққан. Сол бір мал бағып жүрген күндерінің бірінде адасып, үсіп өлген дейді. Сөйтіп, қан майданнан аман-есен оралған атамыздың дәм-тұзы мал бағып жүрген кезде таусылыпты. Әлгі сәуегейдің айтқаны дәл болыпты. Артынан аңырап анасы Шонық әжеміз және қатын-баласы қалған екен.
Әкесі өлгеннен кейін, Еласқан - Жарасқан есімді екі ағайынды жігіт Бейбіт анасының қамқорлығымен және нағашы жұртының қолдауымен ер жеткен.
Еласқан ағамның әлі де өкпесі ағайын-тумаға тарқамаған, олармен ренжіспесе де, етене араласып кету қиын дейді. Ер жетіп, етек жапқаннан кейін Еласқан-Жарасқан қос жігіт совхоздың лауазымды қызметтерінде жүргенде, Шалқардың Қарашоқат деген жерінен Тәуекел деген немере ағасы іздеп келген, қазір солармен араласып тұрады екен
Міне, бір әулеттің тағдыры осылай өрбіген. Бағасын өздеріңіз бересіздер.
Жазып алған: жақын туысы Серік Әбдіжәми.
Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданы, Тасөткел ауылында мешіт болған. Ол мешіттің бастауында Алашбай атаның есімі құрметпен аталады. Алашбай ишанның туған-өлген жылдары, өмірбаяны бізге беймәлім болып отыр. Білетініміз оның көреген, оқуы қатты кісі болыпты. Адам емдеген дейді. Алашбай ишан ұстаған мешіттің орны 1947 жылға дейін сақталған. Алашбай атаның әкесі Әнес (Әнеш) ишан дейді.
Алашбай атаның балалары:
1. Қалимақсым-?.
2. Құлдыбай?.
3. Әбдіразақ > Қадиша (1912), Қанима, Бахрадин-0.
4. Таразы-0. (12 құрсақ көтерген).
5. Күнсары - Бимолданың шешесі.
Алашбай атаның шыққан тегі: төртқара, қаракісі, Кенжеғара, Тәйірберлі, Үмбет.
Алашбай атаның бір қызы күйеуге шығарда әкесінің батасын алмай, қашып кеткен екен дейді. Ондайды қазақ "әкенің белін сындырды" деп айыптайтын болған. Ол қызы туралы көп ештеңе айтылмайды.
Таразы деген қызы тұрмыс құрып, 12 құрсақ көтерген дейді, бірақ бірде-бірі тұрмаған.
Әбдіразақтың үлкен қызы Қадишадан туған Болар деген апайдың айтуы бойынша мынадай мәліметтер жазылып алынды.
Болар апа Алашбай нағашысының басына үш рет барып түнеген екен. Бірінші түнегенде 8 жаста болған. Шешесі Қадишаға еріп барған. Сол кезде оның апасы Таразы ертіп апарып, әкесіне айқайлаған дейді: сен маған бала бердің, бірақ бәрін қайтып алдың, енді мына Қадиша баласыз өте ме, оған ұл бер!" деп. Содан 1946 жылы дүниеге ер бала келіп, оның атын Мешітбай деп қойған.
Екінші рет 1972 жылы түнейді. Ол кезде де шешесі Қадиша қасына еріп барған. Бұл жолы Болар апаның өзі ауырған, кейін құлан-таза айығып кеткен.
Үшінші рет 1991 жылы түнейді. Бұл жолы Берік деген немересі жол апатына ұшырап, аяғын кестіреді, басына зақым келеді. Соны ертіп барып түнетеді. Содан баласы тәуір болып, жазылыпты.
Тағы бір аңыз бар: Тәйірберлінің Балта аталығынан шыққан Қожамұрат деген кісі төсек тартып, ауырып жатыпты. Көңілін сұрап Алашбай ишан барғанда, оған: бірінші болып сені мешіттің жанына жерлейміз дегенде, Қожамұрат: мен ол жерде жалғыз өзім қорқамын ғой деген дейді. Сонда, ишан: сен қорықпа, саған дейін ол жерге жолаушылап келе жатқан бір кісі келіп түседі, сосын сен түсесің деген дейді. Сөйтіп, сол қорымға бірінші болып қойлыбай-қаракісі Дайрабай деген кісі түседі, сосын Қожамұрат жерленген дейді.
Бізде қазір осы айтылған деректерден басқа мәлімет жоқ.
P.S.: Біз осы деректерді жаза отырып, Сіздерден тың ақпараттар бола ма екен деп күтеміз. Мүмкін, Ишанның туыстары туралы тағы да ақпараттар табылып қалуы мүмкін?!
Үмбеталина Нәзімгүл Сатайқызы 27.04.1937 жылы дүниеге келген. Туған жері Ақтөбе облысы, Новороссий ауданы, Қопа совхозы, Майжер фермасы. Руы: Жағалбайлы, Сәрке, Жамантымақ. Дербісәлі Беркімбаевтың жалғыз қызы болыпты. Атқа мінетін пысық қыз болған. Соның есімімен сенің де атыңды Нәзімгүл деп қойдым деп, әжесі Ақлақ Кенбаева деген кісі айтып отыратын болыпты. Ол әжесі 1870 жылы дүниеге келіп, 1958 жылы 88 жасында қайтыс болған. Ленинмен құрдас екен (өзім де бірінші рет біліп жатырмын).
Нәзімгүл апаның әкесі соғысқа кеткеннен оралмаған. Өзімен бірге туған екі ағасы бар. Үлкен ағасы Сатаев Бақыт (1923-1983 ж.ж.) соғысқа барып келгеннен кейін тәуір қызметтерде болған екен. Мектеп мұғалімі, кейін мектеп директоры, одан соң ауыл советті басқарған.
Екінші ағасы Сатаев Естекбай (1932-1967 ж.ж.) трактор жүргізушісі болған, трактордан аударылып мерт болыпты.
1956 жылы Қарабұтақтың жігітімен танысқан. Ол шопырлық оқып жүрген, ал апамыз дүкеншілік оқуда болған екен. Пушкин саябағында танысып, кездесіп жүрдік деп еске алды. 1958 жылдың 11 ноябрінде үйленген. Балалары: Марат (1961 ж.), Сәуле (1963 ж.), Зәуре (1965 ж.), Серікбай (1968 ж.), Нұрлан (1970 ж.), Жаңагүл (1974 ж.).
Өмірлік жолдасының есімі Әлмұратов Болат (1937-1992 ж.ж.), руы: Төртқара, қаракісі, Мазы аталығынан. Екеуі үйленгеннен кейін Қарабұтақта тұрған. Болат ағай автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген. Содан бір күні Қарабұтақтың сол кездегі бірінші хатшысы Хвостов Михайл Ионович деген орыс азаматы өзінің қызмет көлігін жүргізетін жақсы маман іздеген екен, біреулер осы Болат ағамызды сілтеген. Сонымен, хатшының шопыры болып жүріп, 1963 жылы сырттай "Алматы ауылшаруашылық институтына" оқуға түседі. Оқуын бітірген соң қызметі де өзгеріп, әуелі Қарабұтақта инженер ТБ болады, одан соң 1967 жылы Қайрақты совхозына бас инженер болып ауысып барады. Сол жерде үш жарым жыл істейді. Одан кейін, әлгі совхоз үкіметтің ұйғарымымен таратылады. Содан кейін, сол қызметімен Тасөткел совхозына қарай қоныс аударған. Оны Тасөткел совхозына жіберген Қарабұтақтың бірінші хатшысы Нұржанов Рамазан деген кісі екен. Бұл отбасыны Тасөткелге көшіріп әкелуге Қайрақтыға менің әкем Әбдіжәми мен Алақай деген трактористер барыпты. Екеуі екі К-700 тракторымен екі тіркемемен төрт тіркеме затты тиеп әкелген. Менің әкеммен құрдас болып араласып тұрдық деп айтты.
Мен келін болып түскенде өзім танитын қайнағаларым: Берстенов Тәжік, Алипов Амантай, Алипов Қатпа, Байсеркин Алдыоңғар деген адамдар болды дейді. "Сен маған бүкіл қайнағаларымның атын айтқыздың-ау!" деп, бір күлдіріп алды. Бұрынғылардың тәрбиесі қандай мықты болған деп, іштей мен де тамсандым.
Нәзімгүл апа қазір Хромтау қаласында кенже баласы Нурлан Альмуратов ағайдың үйінде бақуатты тұрып жатыр.
Апайдың әңгімесін тыңдаған: Серік Әбдіжәми.
20.04.2021 жыл.
Тасөткел ауылында арызқойлығымен аты шыққан бір адам бар. Оның есімі - Бақтыбай. Бұл кісі әрісі Қарабұтақ ауданына, берісі Хромтау ауданына танымал болған жан. Көбісі мұны бәлеқор, жалақор, жаман адам деп ойлайды, алайда, әсте ол ондай адам емес. Оның жақсылығын, шарапатын көргендер қазір жоқтап жүр. Тіріде жақсының қадірі бола ма, өлгенде ғана өкінеміз?!
Бақтыбай Қожабекұлы 01.07.1925 жылы Қарабұтақ өңірінің Бала Талдық, Қайрақты деген ауылында туған. Руы Төртқараның Құлтас Сүгіләлісі. Әкесі Қожабек Талдық ауылында басқарма болған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, одан 1942 жылы "қара қағаз" келеді. Соғыс салдарынан бұғанасы қатпаған жас бала Бақтыбай тылда еңбек еткен.1947 жылы Белқопа ауылына көшіп келіп, "Қамыс өңдеу" зауытында жұмыс істейді. 1949 жылы Қолғанатқызы Жарқынаймен бас қосады. 1950 жылы Тасөткел ауылының Ақтасты бөлімшесіне келіп, "Ащы" қыстағында ірі қара бағады. 1957 жылы Бөгетсай совхозында жұмыс істеген. 1961 жылы Щербаков совхозында мал баққан. 1962 жылы Тасөткел совхозының ашылуына орай, √2 ферма Ақтастыда дүкенде сатушы болған. 1964 жылы совхоз орталығы Тасөткелге қоныс аударып, Орталықтың қойма меңгерушісі қызметіне тұрған. 1965 жылы √3 ферма Үйтаста завхоз болған. 1966 жылы √2 фермада агроном болады. 1974 жылы √3 фермада зоотехник болады. 1975 жылдан бастап Бөгетсай совхозында сауда меңгерушісі болып, кейін сол қызмет бойынша Тасөткелдің сауда орталығының басқарушысы болған. 1990 жылы зейнеткерлік еңбек демалысына шығады. 2001 жылы Тасөткел ауылынан Хромтау қаласына қоныс аударады. 2014 жылы 19 қыркүйекте 89 жасында дүниеден озады. Зайыбы Жарқынай (1932 - 2017 ж.ж.) 10 бала тапқан "Батыр ана". Қазір сол он бала арқылы кіндігінен тараған немере, шөбере, шөптекті есептегенде 92 ұрпағы бар екен. Осылардың барлығын көзімен көріп кеткен Бақтыбай ақсақал мен Жарқынай әжеміздің бақытты өмір сүргенін аңғару қиын емес.
Бұл кісінің өмірбаянын қыздары Тайжан - Шайжан апайлар берді.
Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан көз ереді дегендей, Бақтыбай атамыздың артынан да өтірік-шыны аралас көп әңгімелер бар. Бірде ол кісінің де артынан майшам алып, қызметі саудамен байланысты болған соң аудан мен облыс басшылары соңына түседі. Мақсаттары істі қылып, түрмеге жабу болған. Сонда бұл кісі олардың жымысқы ойларын алдын-ала сезіп қойып, әй-шәйға қарамай, кемпірін ертіп алып Алматыға жол тартқан. Содан Д.А. Қонаевтың алдына барып, болған жайды айнақатесіз жайып салған. Сөйтіп, өзінің қара басын арашалап қалған дейді.
Ол кісі әділдікті сүйген. Кемпірі қонақжай болған. Үйінен қонақ арылмаған. Көзінің тірісінде бетіне ешкім тіке келе алмаған адам болыпты.
P.S. менің өзім де бұл кісіні сырттай танығаныммен бетпе-бет келіп, тілдесіп көрмеппін. Осы күндері мені де сыртымнан өсектеп, "Бақтыбай-2" деп әжуалайтын ауылдастарым табылып жүр. Содан "осы кісі кім болған, соңынан осыншалықты дақпырт әңгіме еріп жүрген адам тегін емес шығар?" деген оймен өмір дерегімен таныстым. Дегенмен, мен ондай кісі болмақ түгілі, оның тырнағына татымайтын жан екенімді жақсы білдім.
Марқұмдардың жандары жәннаттық болсын! Бақтыбай атаны көрген-білген, танитын жандар болса, қосымша жазар деген оймен жазбамды осымен доғарамын.
Естелік жазушы: Серік Әбдіжәми.
Тасөткел ауылының тумасы.
05.09.2021 жыл.
Балнияз Ажниязовтың "От Ржева до Берлина" / все воины-актюбинцы в составах 100 и 101 ОСНБ. Ақтобе, 2019/ атты мына кітабында Іскендір Нұркин туралы жазылған екен. Содан үзінді:
"... Ол жылдары Іскендір Нұркин Тасөткел орталау мектебінің директоры болатын. Сол кезде Тасөткел өңіріндегі оқушылар түгел мектепке тартылған. Мектептегі оқу-тəрбие жұмысы жақсы жолға қойылған, оқушылардың сабақ үлгерімі жақсы деп бағаланыпты.
... 1939 жылы Іскендір Нұркин оқу-ағарту ісінің озаты ретінде, өзінің ұстаздық білімінің, ұйымдастыру қабілетінің арқасында облыс бойынша алғаш болып Ленин орденін алды. Ол кезде награданы Мəскеуден өздері барып алатын.
... Оның Тасөткел орталау мектебіндегі еңбек үлгісі бүкіл облысқа тарады..."
Міне, осы бір ақпараттарды оқып таңғалдым. Біз мектепте оқығанда бұл кісі туралы мұғалімдер жұмған аузын ашқан жоқ, демек білмеуі де мүмкін. Сондықтан, осы бір тарихи деректер бойынша тақырыпты тереңдетіп зерттеу-тексеру жұмыстарын жүргізетін бір ғылыми қызметкерлер болса деген арманым бар.
Қазір Тасөткелде ол сабақ берген мектептің орны бар ма, бар болса оған ескерткіш тақта қойылуы керек. Кімдер дəріс алды оны да анықтау қажет. Бұл құнды мəліметтер ауылдың маңыздылығын тереңдете түседі.
Қазір Тасөткел ауылына су кіргізіліп жатыр, келесі жылы газ кіргізіледі деген жоспар бар. Демек, ауылдың өмір тарихы да осы жаңалықтармен бірге тереңірек зерделеніп, қағаз бетіне түсуі шарт дүние деп ойлаймын. Бүгінгі күннің басты оқиғасы ертеңгі ұрпақтың құнды тарихы саналады.
Құрметпен, Серік Əбдіжəми.
10.05.2019 ж.
Іскендір туралы Бақытберген ағай ашып ештеңе айтылмады. Бірінші фермада Шәудірбайдың үйінің қасында 7 жылдық мектептің орны жатыр, сол жерде сабақ берген.
Жаман үйді қонағы билейді деген осындай болады. Менің қолымнан микрофонды жұлып алып, сөйлетпей қойды, бірақ Тасөткелдің тарихын менен артық білетін адам жоқ еді.
Бір кем дүние!